Жасөспірімдер үшін спорттық лагерь өтеді
15-29 тамыз аралығында жазғы Азия чемпионаты қарсаңында Щучинск қаласындағы қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығының базасында жеткіншектер санатындағы спортшыларға арналған спорттық лагерь өтеді. Лагерь Қазақстандағы балалар биатлонын дамыту бағдарламасы мен биыл құрылған Азиялық биатлон комитеті аясында ұйымдастырылады. Лагерге қазақстандық спортшылардан бөлек, Қырғызстан мен Монғолияның жас биатлоншылары да қатысады.
Лагерь қорытындысы бойынша Халықаралық биатлоншылар одағы мен Халықаралық Олимпиада комитеті бірлесіп өткізетін оқу-жаттығу жиынына Федерация төрт үздік спортшыны (екі қыз және екі ұл) және бір жаттықтырушыны жібереді. Оқу-жаттығу жиыны осы жылдың қараша айының соңында Словенияның Поклюка қаласында өтеді.
Лагерь бағдарламасына жаттығулар, атуды жетілдіру сабақтары және қалпына келтіру кіреді. Назарбаев Университетінің мамандары спортшыларға физиология, қалпына келтіру және психология тақырыптарында семинар өткізеді. Сонымен қатар, спортшылар БАҚ және әлеуметтік желілермен жұмыс істеу бойынша семинарға қатысады.