Халықаралық

Қазақстан мен Оңтүстік Корея биатлонды дамытуда күш біріктіреді: Астанада екі федерация басшыларының ресми кездесуі өтті

Астанада Қазақстан биатлоншылар одағы мен Корея Биатлон федерациясы басшылығының ресми кездесуі өтті. Астанаға жұмыс сапарымен Корея федерациясының президенті Lee Hyuck Yul мырза мен спорт директоры Deokeun Choi келді. Қазақстан тарапынан келіссөздерге Қазақстан биатлоншылар одағының президенті Ермек Әнуарбекұлы Кизатов пен бас хатшы Манас Үсенов қатысты.
Қазақстан мен Оңтүстік Корея биатлонды дамытуда күш біріктіреді: Астанада екі федерация басшыларының ресми кездесуі өтті

Кездесудің басты тақырыбы - екіжақты ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және Азия құрлығында биатлонды дамыту жөніндегі бірлескен қадамдарды жоспарлау болды.

Осы маусымнан бастап Қазақстан мен Кореяның ұлттық құрамалары Азия жазғы чемпионатының алдында бірлескен жаттығу жиындарын өткізуді бастады. Корея тарапы бұл тәжірибені жазғы және қысқы кезеңдерде де жалғастыруға үлкен қызығушылық білдірді. Алдағы Қысқы Азия ойындарында екі құрама негізгі қарсылас болатынына қарамастан, бірлесіп жаттығу екі тарапқа да зор пайда әкеледі. Өйткені Оңтүстік Корея құрамасында Тимофей Лапшин (IBU Әлем кубогы кезеңдерінің екі дүркін жеңімпазы, екі Олимпиада ойындарының қатысушысы (2018, 2022) және Екатерина Аввакумова (Қысқы Азия ойындарының чемпионы (Корея тарихында биатлоннан алғашқы алтын медальді жеңіп алған), Әлем чемпионатында 5-орын алған және корей әйелдер биатлоны тарихында Олимпиададағы ең жоғары нәтижені көрсеткен (2018 жылы Пхёнчханда 16-орын) секілді халықаралық деңгейдегі тәжірибелі спортшылар бар.

Тараптар 2023 жылы Щучинск қаласында өткен юниорлар мен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты кезінде құрылған Азия биатлон комитетінің жұмысын талқылады. Комитет қолдауымен Азияның екі жазғы чемпионаты (соңғысы осы жылдың шілде айында Щучинскіде өтті) және аймақ елдері үшін алғаш рет IBU Camp оқу-жаттығу лагері сәтті ұйымдастырылды. 2022 жылы алғашқы Азия чемпионатына 3 ұлттық құрама қатысса, биылғы турнирде 7 елдің спортшылары бақ сынады. Бұл Азияда биатлон географиясының қарқынды кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Корея тарапының бастамасымен келесі қысқы Азия чемпионаты 2027 жылдың қаңтар айында Пхёнчханда (Оңтүстік Корея) өтеді.Сонымен қатар, федерация басшылары Азия биатлон комитетінің жыл сайынғы отырысын Азия чемпионатын қабылдайтын елде өткізу туралы шешімді бекітті.

Алдағы Қысқы Азия ойындарына дайындық аясында кореялық делегация жарыс алдындағы жаттығу жиындарын Алматыда өткізуге ниет білдіріп, Қазақстан құрамасын Оңтүстік Кореяда жауапты оқу-жаттығу жиындарын өткізуге шақырды.

Өткен кездесудің нәтижелері Қазақстан мен Корея Республикасының спорт федерациялары арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестіктің берік негізін қалады. Жоспарланған бастамаларды іске асыру ұлттық құрамалардың Қысқы Азия ойындарына дайындық деңгейін арттырып қана қоймай, Азия биатлон комитетінің аймақтағы спортты дамытудың басты платформасы ретіндегі позициясын нығайтады.