Ербол Хамитов GRAND TOUR BIATHLON финалында жас биатлоншыларға өзінің атынан қаржылай сыйақы берді

Астанада өткен GRAND TOUR BIATHLON жобасының финалдық кезеңінде жас спортшылар үшін ең әсерлі әрі есте қаларлық сәттердің бірі - отандық спорт жұлдыздарымен кездесу болды. Шараның арнайы қонақтары - Олимпиада ойындарының жүлдегері Елена Хрусталева мен Әлем чемпионы, Паралимпиада жеңімпазы Ербол Хамитов жас биатлоншылармен жүздесіп, автограф-сессия өткізді.
Ербол Хамитов GRAND TOUR BIATHLON финалында жас биатлоншыларға өзінің атынан қаржылай сыйақы берді

Елордалық Орталық саябақта ұйымдастырылған фан-зонада жас атлеттер мен олардың ата-аналары чемпиондармен тікелей тілдесіп, естелік суретке түсіп, кәсіби кеңестер алды.

Жарыстың ең басты оқиғасы - Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовтың жас өрендерге көрсеткен ерекше қолдауы болды. Атақты спортшы жас биатлоншылардың ынтасын арттырып, оларды жаңа биіктерге жігерлендіру мақсатында өз атынан арнайы ақшалай сыйақы тағайындады.

Ербол Хамитов бұл қаржылай премияларды маусым чемпиондарына, сондай-ақ финалдық кезеңдегі спринт пен жекелей жарыста топ жарған жеңімпаздарға салтанатты түрде өз қолымен табыстады.

Қазақстан Биатлон федерациясы жас буынға қолдау білдіріп, спортты кеңінен насихаттауға атсалысқан Ербол Хамитов пен Елена Хрусталеваға шексіз алғыс білдіреді. Атақты чемпионның бұл бастамасы жас биатлоншылар үшін үлкен серпін мен ұмытылмас мотивация болды.