Биатлоннан Қазақстан Кубогінің ІІ кезеңі аяқталды

Жарыстың алғашқы күні спортшылар спринтте бақ сынасты:
Ерлер: Руслан Амурлаев ату алаңында бірде-бір қателік жібермей, 28:04 минут уақытпен алтын жүлдеге қол жеткізді. Екінші орынды 1 айып айналымымен көшбасшыдан 1:09 минутқа қалып қойған Антон Башкиров иеленді. Үшінші орынға 7 айып уақытына қарамастан, мәреге 29:57 минутта жеткен Владислав Малыков табан тіреді.
Әйелдер: Дарья Усанова 1 қателік жібергеніне қарамастан, 22:45 минут көрсеткішімен жеңіске жетті. Кристина Титиевская нысананы түгел дәл көздегенімен, жылдамдық бойынша (+1:14 мин) күміс жүлдені қанағат тұтты. Үштікке 4 қателікпен Елизавета Белецкая (+2:05 мин) енді.
Юниорлар: Егор Гребенщиков (2 қате; 27:03 мин) алтын тұғырдан көрінді. Екінші орын Артем Афанасьевке (4 қате), үшінші орын Евгений Литвиновқа (5 қате; 28:53 мин) бұйырды.
Юниор қыздар: Адима Қуанышбекова (2 қате; 23:50 мин) алтын жүлдеге ие болса, күміс жүлдені Мария Польдяева (+1:15 мин), қоланы Валерия Миронова (+2:37 мин) еншіледі.



