Норвегиядағы балалар фестиваліне баратын үздік жас биатлоншылар анықталды

Қысқы маусымның басында балалар арасындағы ел кубогі мен чемпионатының 6 кезеңнен (4 қысқы және 2 жазғы) тұратын жаңа форматы енгізілген болатын. Риддер мен Ақсайда бастау алған жарыс Павлодар қаласындағы үшінші кезеңмен қорытындыланды. Әр кезеңге 80-нен астам бала қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылардың арнайы сыйлықтарымен марапатталды.
Норвегия биатлон федерациясы Қазақстанға аталған фестивальге қатысу үшін 4 квота бөлді. Ережеге сәйкес, жарысқа 2009 жылы туған 2 ұл және 2 қыз бала қатыса алады. Үш кезеңнің қорытынды рейтингі бойынша 10-15 сәуір аралығында «Liatoppen» фестиваліне аттанатын көшбасшылар анықталды:
Никита Дудченко (Шығыс Қазақстан облысы)
Максим Гучинский (Ақмола облысы)
Марина Мишечкина (Солтүстік Қазақстан облысы)
Жанерке Тудахунова (Батыс Қазақстан облысы)
Бендит Лиатоппен биатлон фестивалі — 11-16 жас аралығындағы 1000-нан астам спортшы қатысатын әлемдегі ең ауқымды балалар жарысы. Бұл дода Норвегияда қысқы маусымның жабылуын білдіреді. Бағдарламада жекелей жарыстар, эстафеталар, шоу-бағдарламалар мен жүлделер қарастырылған.
Еске сала кетейік, «Grand Tour Biathlon» жобасының негізгі мақсаты — өңірлерде, әсіресе биатлон базалары жаңадан ашылған облыстарда осы спорт түрін дамыту және Астана қаласында балалар бөлімін ашу. Ұйымдастырушылар бұл жарысты отандық биатлонның брендіне айналдыруды көздеп отыр.
Жарыс рейтингі келесі сілтемеде қолжетімді: grandtour.pdf



