Әлем Кубогының алғашқы кезеңі: биатлоншыларымыз үшін жаңа маусым қалай басталды
Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша ерлер эстафетасында команда сапында Асет Дюсенов, Владислав Киреев, Александр Мухин және Кирилл Бауэр өнер көрсетіп, үздік 15-ке енді. Сайыс 7,5 шақырымнан тұратын 4 кезеңді құрады. Біздің спортшылар мәреге 13-ші болып жетіп, жеңімпаздардан 4,5 минутқа есе жіберді. Айта кетейік, соңғы рет мұндай көрсеткіш 2017 жылы болған.
Ерлер арасындағы із кесу сайысына Александр Мухин мен Асет Дюсенов жолдама алып, Александр Мухин жарысқа 33-ші номермен шықты және нәтижесінде 6 позицияға көтеріліп, жарысты 26-шы болып аяқтады. Алғашқы болып мәре сызығына швециялық Себастьян Самуэльссон жетті. Екінші орынға неміс спортшысы Филипп Наврат, үшінші орынға норвегиялық Ветле Шостад Кристиансен жайғасты. Мухин жеңімпаздан 2 минут, 58,3 секундқа артта қалды және Әлем кубогының жалпы есебіне 15 ұпай қосты.
Құраманың бас бапкері Мақсат Шарановтың айтуынша, алғашқы әлемдік сындағы биатлоншылардың аяқ алысы жаман емес.
"Біздің спортшыларымыздың биылғы маусымдағы алғашқы жарысы Швецияның Эстерсунд қаласында өткен Әлем Кубогының бірінші кезеңінен басталды. Осыған дейін команда Италияның Ливиньо, Финляндияның Контиолахти қаласында тыңғылықты оқу-жаттығу жиынын өткізді. Спортшыларымыздың алғашқы старттағы аяқ алысы жаман емес деуге болады. Ерлер эстафетасында құрама үздік 15-ке енді. Із кесу сайысында Александр Мухин 26-шы орын алып, өз рекордын орнатып отыр. Десе де, алда әлі Әлем Кубогының қалған 8 кезеңі мен Әлем чемпионаты күтіп тұр. Спортшыларымызға сенеміз, осы маусым нәтижелі болады деген үміттеміз",-дейді бас бапкер.
Айта кетейік, Әлем Кубогының екінші кезеңі 8-10 желтоқсан аралығында Австрияның Хохвильцен қаласында өтеді.
Қазақстан Биатлоншылар Одағының баспасөз қызметі