Лука Бормолини — биатлоннан Қазақстан жастар құрамасының кеңесші-жаттықтырушысы

Қазақстан биатлоншылар одағы белгілі итальяндық маман Лука Бормолиниді жастар құрамасының кеңесші-жаттықтырушысы лауазымына шақырды.
Лука Бормолини — биатлоннан Қазақстан жастар құрамасының кеңесші-жаттықтырушысы

Лука Бормолини деген кім?

Лука Бормолини – спорт тарихын жаңадан жаза алатын маман. Тіпті ешкім нәтиже күтпейтін елдердің өзінен чемпион тәрбиелеп шығаратын білікті бапкер ретінде танымал. Оның кәсіби жолы жасөспірімдер спортын да, ересектер арасындағы жоғары жетістіктер биатлонын да қамтиды. Дәл осы маманның жетекшілігімен Кэмпбелл Райт Щучинск қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын жүлде иеленген. Бұл Жаңа Зеландия үшін тарихи жеңіс еді. Қазіргі таңда Кэмпбелл – әлемдік биатлонның жарық жұлдызы және АҚШ құрамасының көшбасшысы.

Сондай-ақ Лука Оңтүстік Корея мен Чехия сияқты мықты құрамаларда қызмет атқарды. Чехия командасы Швейцарияда өткен әлем чемпионатында алтын жүлдеге қол жеткізді. Бормолини тәжірибесінің бірегейлігі – оның жастар деңгейінде де, ересектер арасындағы бәсекеде де медаль әкелетін жүйелі дайындық бағдарламасын құра білуінде.

Қазақстан биатлоншылар одағының итальяндық сарапшымен осыған дейін де бірлесе жұмыс жасады. Өткен жылы Федерация Луканы «Grand Tour Biathlon» жобасының оқу-жаттығу жиындарына қатысуға шақырған болатын. Анықтама: «Grand Tour Biathlon» жобасы – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер биатлонының негізі. Жобаның басты мақсаты – аймақтардан талантты спортшыларды анықтау және ел құрамасы үшін сапалы резерв қалыптастыру.

Бүгінде бұл жобаның алғашқы түлектері жасөспірімдер құрамасының сапына қосылып үлгерді. Лука Бормолиниді дәл осы кезеңде жұмысқа тарту – стратегиялық тұрғыдан маңызды шешім. Ол жас спортшылардың балалар спортынан кәсіби элиталық деңгейге сауатты әрі жүйелі түрде өтуін қамтамасыз етпек.

Итальяндық маманның қызметі мына 3 бағыт бойынша жүргізіледі:

1. «Grand Tour Biathlon» жобасы түлектеріне қолдау көрсету және оларды ұлттық құрамаға қосылуға кезең-кезеңімен, жоспарлы түрде дайындау.

2. Олимпиадалық цикл – French Alps 2030: Бүгінгі жасөспірімдер – 2030 жылы Францияда өтетін Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғайтын негізгі құраманың болашақ көшбасшылары. Бұл ауқымды додаға дайындық халықаралық сарапшының жетекшілігімен дәл қазірден басталады.

3.Отандық мамандардың біліктілігін арттыру: Жастар құрамасымен жұмыс істеу аясында Лука Бормолини қазақстандық жас бапкерлерді оқытумен айналысады. Шетелдік әріптеспен тығыз байланыс біздің мамандардың заманауи халықаралық тәжірибе мен жаттығу үдерісінің озық әдістемелеріне тікелей қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Лука Бормолинидің кеңесші-жаттықтырушы болып тағайындалуы – құрамамыздың әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы маңызды қадам. Осындай жүйелі жұмыс пен халықаралық сараптаманың арқасында ел биатлоншыларының нәтижелері артатынына сеніміміз мол.