"Grand Tour Biathlon" қысқы кезеңінің көшбасшылары Норвегиядағы ең ауқымды балалар фестиваліне аттанды
Қысқы маусымның басында балаларға арналған биатлоннан ҚР Кубогы мен чемпионатының 4 қысқы және 2 жазғы, жалпы 6 кезеңнен тұратын жаңа форматы ұсынылды. Бұл жарыстар шығыстағы Риддер қаласы мен батыстағы Ақсайдан басталып, Павлодарда жалғасып, төртінші кезеңі Щучинск қаласында аяқталып, еліміздің түрлі өңірлерін біріктірді. Әр қаладағы жарыстарға 100-ден астам бала қатысты, барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен және ұйымдастырушылардың арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Сонымен қатар, Федерация балаларға халықаралық жарыстарға қатысуға және атмосферасын сезінуге мүмкіндік беру үшін биатлон отаны — Норвегияға жарыс көшбасшыларын жіберуге уәде етті.
Ұзақ келіссөздерден кейін Норвегияның биатлон федерациясы біздің елімізге балалар биатлон фестиваліне қатысу үшін 4 квота бөлді. Жарыс ережелеріне сәйкес, "Grand Tour Biathlon" жарысының 3 қысқы рейтинг қорытындысы бойынша 2009 жылы туылған 2 ұл және 2 қыз биатлоншыларымыз ақпан айының 10-15 аралығында балалар спортының ең ауқымды іс-шарасында бақ сынайды. Балаларға 2017 жылғы Әлем кубогы кезеңінің жүлдегері, Павлодар облысының балалар жаттықтырушысы Максим Браун жетекшілік етеді.
Бендит Лиатоппен биатлон фестивалі-11-16 жас аралығындағы 1000-нан астам қатысушыны қамтитын әлемдегі ең үлкен биатлон жарысы. Биылғы фестиваль 10-15 сәуір аралығында өтеді. Жарыс Норвегияның түкпір-түкпірінен келген биатлоншылар үшін қысқы маусымның аяқталуын білдіреді. Фестивальде жеке жарыстар мен эстафеталар, түрлі сайыстар, шоулар мен сыйлықтар болады.
Айта кету керек, "Grand Tour Biathlon" жобасын ұйымдастырудағы басты мақсаттардың бірі-өңірлерде бұл спортты дамыту әрі насихаттау, әсіресе жақын уақытта биатлон базасы ашылған аймақтарға қолдау білдіру және Астана қаласында биатлон бөлімшесін ашу. Жоба ұйымдастырушылары бұл жарысты отандық биатлон брендіне айналдыруға ниетті.