Биатлоннан жазғы Азия Чемпионаты аяқталды
2023 жылдың 30 тамызы мен 4 қыркүйегі аралығында Щучинск қаласындағы Қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығында алғаш рет биатлоннан жазғы Азия чемпионаты өтті. Чемпионатқа бес елдің спортшылары қатысты: Қазақстан, Қырғызстан, Үндістан, Моңғолия және Оңтүстік Корея.
Үш жас тобы бойынша (ересектер, жеткіншектер және жасөспірімдер) 130-ға жуық спортшы жеке жарыс, супер спринт және спринт жарыстарында 18 медаль жиынтығын сарапқа салды.
Бұл жарыста қазақстандық спортшылар алға шықты – биатлоншыларымыз 51 медаль жеңіп алды. Оның 17-сі алтын, 18-і күміс, 16-сы қола. Шетелдік қонақтар да өз өнерлерін көрсетті: болашағынан үміт күттіретін моңғол биатлоншысы Энхбат Энхсайхан жеткіншектер арасындағы жарыста алтын және қола медальді жеңіп алса, жасөспірімдер арасында Оңтүстік Корея өкілі Йонгто Ким қола жүлдені жеңіп алды.
«Халықаралық биатлоншылар одағының (IBU) стратегиялық мақсаттарының бірі - Азия аймағындағы биатлон географиясын кеңейтуді қоса алғанда, қызмет ауқымын кеңейту. Азиялық биатлон комитетін құруға бастамашы болған Қазақстан биатлоншылар одағы IBU-нің Азиядағы бірінші аймақтық іс-шарасын өткізіп, Азиядағы биатлонды дамытуға баса назар аударды. IBU стратегиясы жас спортшыларға бағытталған соң, 2006-08 жж туған спортшылар жазғы Азия чемпионатына қатыса алды», - деп бөлісті Қазақстан биатлоншылар одағының президенті Ермек Қизатов.
Чемпионатты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан биатлоншылар одағы ұйымдастырады және осындай жарыстар тұрақты түрде өткізілетін болады.
Қазақстандық тарап жарысқа жақсы дайындалған. Ағымдағы жылдың қазан айында Щучинск қаласында әлем кубогының кезеңдерінің бірін өткізуге өтінім беруді жоспарлап отыр.