Владислав Киреев: «Менің басты мақсатым — осы төрт жыл бойы төккен терім мен еңбегімді көрсетіп, нәтижемді жақсарту»

Осы маусымда Қазақстан ерлер құрамасының биатлоншысы Владислав Киреев тарихымызда болмаған үздік нәтиже көрсетті. Ол Хохфильцендегі Әлем кубогының ізге түсу жарысында бірде-бір нысанадан мүлт кетпей, үздік 20 спортшының қатарына кірді. Олимпиада алдында біз Владиславпен аз-кем сұхбаттасқан едік.
Владислав Киреев: «Менің басты мақсатым — осы төрт жыл бойы төккен терім мен еңбегімді көрсетіп, нәтижемді жақсарту»

— Владислав, Олимпиадаға дайындық қалай жүріп жатыр?

Чехиядағы Әлем кубогынан кейін бірден Италияның Риднаун қаласына жиынға келдік. Алғашқы күндері жеңіл демалыс ретінде күніне бір мезгіл ғана жаттығып, бой жаздық. Қазір негізгі дайындық басталды, күш-қуат пен төзімділікті арттыратын ауыр жаттығулар жасап жатырмыз. Олимпиадаға аттанар алдында соңғы рет жылдамдықты күшейтетін жаттығулар жасаймыз. Жалпы, бәрі жоспар бойынша жақсы өтуде.

— Бұл сіздің спорттық жолыңыздағы екінші Олимпиада. Алғашқы Ойындар мен қазіргі сезімнің айырмашылығы бар ма?

Бірінші рет барғанымда қатты қобалжыдым, алдымда не күтіп тұрғанын да толық түсінбедім. Ал қазір өзіме әлдеқайда сенімдімін: бәрі таныс, қарсыластарым да баяғы жолыққан спортшылар. Сондықтан бұл жолы артық уайым мен қорқыныш жоқ.

— Бұл жай ғана кезекті жарыс емес, төрт жылда бір келетін Олимпиада ғой. Психологиялық тұрғыдан өзіңізді қалай баптайсыз?

Мен әр жарысқа тек жақсы нәтиже көрсету керек деген оймен, тек жақсы көңіл-күймен шығуға тырысамын. Қарсыластар сол Әлем кубогында бірге шауып жүрген спортшылар, сондықтан бұл жарысқа да әдеттегідей үлкен жауапкершілікпен қараймын.

— Осы маусымда Хохфильценде тарихи нәтижеге қол жеткіздіңіз. Енді халық сізден тек жеңіс күтеді, бұл сізге психологиялық қысым түсірмей ме?

Иә, Хохфильценде бәрі сәтті болды: жақсы аттым, шаңғымен жүрісім де жаман болған жоқ. Бірақ бұл — тек бір ғана жарыс. Мен осындай жақсы нәтиженің тұрақты болғанын қалаймын. Елдің үміті маған ауыр жүк болып дамыл бермейді деп айта алмаймын. Біз әрқашан барымызды саламыз, бірақ спорт болған соң, өкінішке қарай, бәрі біз ойлағандай бола бермейді.

— Олимпиадада өз алдыңызға қандай басты мақсат қойдыңыз?

Менің мақсатым — осы төрт жыл бойы тоқтаусыз жасаған еңбегімнің, төккен терімнің нәтижесін көрсету және бұрынғы көрсеткіштерімді жақсарту.