#Қазақстан

Щучинск қаласында биатлоннан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды

Қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығының базасында биатлоннан еліміздің ең басты додасы — Қазақстан Республикасының чемпионаты ресми түрде жалауын көтерді. Биылғы біріншілікте еліміздің 9 аймағынан келген 123 спортшы бақ сынауда.Жарыстың алғашқы күні ерлер мен әйелдер, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы тартысты спринт бәйгесімен басталды.
Щучинск қаласында биатлоннан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды

Ерлер арасындағы бәсекеде Қарағанды облысының спортшысы Владислав Киреев қарсыласқа шақ келтірмеді. Екі нысанадан мүлт кеткеніне қарамастан, ол жоғары жылдамдық көрсетіп, 27:49.0 уақыт көрсеткішімен жеңіс тұғырынан көрінді.

1-орын: Владислав Киреев (Қарағанды обл.) - 27:49.0 (2)

2-орын: Александр Мухин (Ақмола обл.) - +8.3 сек. (2)

3-орын: Ержанат Қуандық (Алматы обл.) - +17.4 сек. (3)

Жасөспірімдер (юниорлар) арасында Ақмола облысының спортшысы Захар Шкарин үздік атанды. Ол үш айып айналымын орындағанына қарамастан, 29:39.5 уақытымен мәре сызығын бірінші болып қиды. Күміс жүлде Евгений Полтораниннің (ШҚО) еншісінде кетсе, қола жүлдені Эрик Шефер (Ақмола обл.) иеленді.

Әйелдер бәсекесінде тәжірибелі биатлоншы Ольга Полторанина жеңіске жетті. Ол ату алаңында бір ғана қателік жіберіп, қашықтықты 27:49.5 уақытында бағындырды. Айта кетерлігі, алғашқы үштіктің арасы тым жақын болып, тартыс соңғы секундтарға дейін жалғасты.

1-орын: Ольга Полторанина -27:49.5 (1)

2-орын: Милана Генева (Алматы обл.) - +10.7 сек. (1)

3-орын: Дарья Климина (Павлодар обл.) - +14.9 сек. (1)

Жасөспірім қыздар арасында Ақмола облысының намысын қорғайтын Анастасия Хвощенок дара шықты. Екі қателік жіберген Анастасия 27:41.9 уақыт көрсеткішімен Полина Подгорнова (Ақмола обл.) мен Валерия Мироновадан (Алматы обл.) айтарлықтай озып кетті.

Ертең, жарыстың екінші күнінде спортшылар із кесу (пасьют) додасында бақ сынайды.