Топ-20: Биатлоннан әйелдер құрамасы алдағы қысқы маусымға 3 квота жеңіп алды
Бүгін Канаданың Канмор қаласында Әлем Кубогының соңғы кезеңінде биатлоннан әйелдер арасындағы спринт жарысы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Қазақстан Биатлоншылар Одағының баспасөз қызметі.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Арина Крюкова пен Полина Егорова өнер көрсетті. Барлығы 93 қатысушының арасынан Арина мәреге 64-ші, ал Полина 82-ші болып жетті.Айта кетейік, әйелдер құрамасы өткен маусымды 2 квотамен аяқтағанына қарамастан, Ұлттар Кубогында 20-шы орынға тұрақтады. Бұл былтырғы жылғы нәтижемен салыстырғанда 5 саты жоғары көрсеткіш. Енді команда алдағы қысқы маусымға үш квотаға ие болып, 3 қызымыз ел намысын қорғауға мүмкіндік алды. Биатлоннан қазіргі әйелдер құрамасының жартылай юниорлармен жаңадан жасақталғанын ескерсек, бұл көрсеткіш көңіл көншітеді. Осы орайда, барлық команданың, жаттықтырушылар құрамының, әсіресе әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы Владимир Борисович Королькевичтің еңбегін атап өткен жөн.