Қазақстан биатлон құрамасы Францияда оқу-жаттығу жиынын өткізуде

Теңіз деңгейінен орта биіктікте (орта таулы аймақта) өткізіліп жатқан оқу-жаттығу жиыны (ОЖЖ) барысында спортшылар дене мен психиканы алдағы жарыс кезеңіндегі ауыр жүктемелерге бейімдеуге, күш, жылдамдық және төзімділік сияқты негізгі қасиеттерін арттыруға баса назар аударып жатыр.
Жаттығулар барысында құрама спортшыларына арналған бірегей бағдарлама әзірленді. Ол ату кезіндегі психологиялық тұрақтылықты, сондай-ақ оттегі жетіспеушілігі (гипоксия) жағдайындағы төзімділікті дамытуға бағытталған.
Қазіргі уақытта Бессанда Қазақстан құрамасынан бөлек, Франция, Норвегия, Финляндия және Хорватия құрамалары да жаттығу өткізуде. Бұл командалар арасында тәжірибе алмасуға және біліктілікті арттыруға мүмкіндік береді.
ОЖЖ аясында команда Kiwi компаниясымен тығыз жұмыс істеуде. Бұл компания спорттық винтовкаларға арналған оқ-дәрілерді іріктеуге және техникалық қызмет көрсетуге маманданған. Бірлескен жұмыс аясында арнайы төмен температуралы камерада мылтықтарға арналған оқтарды сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл әрбір винтовкаға ең дәл және қолайлы оқты таңдауға мүмкіндік береді. Өйткені әрбір винтовканың өзіндік ерекшеліктері болады, сондықтан дәл ату үшін тиісті оқты таңдау өте маңызды.
Франциядағы оқу-жаттығу жиынынан кейін Қазақстан құрамасы дайындықтың келесі кезеңіне Словенияға аттанады. Ол жерде команда Любляна университетінің ғылыми-зерттеу тобымен жұмыс істейді. Спортшылар зертханалық жағдайда арнайы тредбанеде жүктемелік тестілеуден өтеді. Бұл тест газоанализ арқылы әрбір спортшының ағзасының қазіргі функционалдық жағдайын, оның ішінде оттегіні максималды пайдалану (VO₂ max) деңгейін анықтауға көмектеседі.
Команда жаңа маусымға толық дайындықпен келуді мақсат етіп отыр.



