Балалар спортын дамыту, әлем және Азия чемпионаттары, спорттық құрал-жабдықтар, шетелдік жаттықтырушылар: 2023 жылы Отандық биатлон үшін тағы не жасалды?
2023 жылы наурыз айында Қазақстанда және Орталық Азияда алғаш рет биатлоннан жасөспірімдер мен жеткіншектер арасында әлем чемпионаты өтті, оған әлемнің 39 елінен 600-ге жуық спортшы мен жаттықтырушы қатысты. 8 жарыс күні ішінде 18 сайыс бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Әлем чемпионатының ашылуына Халықаралық биатлоншылар Одағының президенті Олле Даллен қатысты. Чемпионат аясында Азиядағы биатлонды дамыту жөніндегі комитет - Aѕіап Biathlon Committee құрылды, құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Грузия, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Моңғолия және Тайланд секілді 8 мемлекет кірді. Комитет төрағасы болып бірауыздан Қазақстан биатлоншылар Одағының Бас хатшысы Манас Үсенов сайланды. Бұл Одақ Азия аймағында биатлонның кең таралуына ықпал етеді. Оның мақсаты-өзара көмек пен қолдау көрсету.
Биыл Қазақстан биатлоншылар одағы балалар мен жасөспірімдер биатлонын дамыту бағдарламасы аясында және өңірлік командаларды қолдау мақсатында 100 шаңғы, 100 бекіткіш, таяқ және 160-тан астам шаңғы ролигін таратты. Айта кетейік, бұл бастаманы Федерация 5 жыл қатарынан жүзеге асырып келеді.
Қазақстан биатлоншылар Одағының негізгі мақсаттарының бірі-ресурстарды инвестициялау және біздің білікті жаттықтырушыларымызды оқыту мен дамыту үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету. Биыл биатлоннан ҚР құрамасының бас жаттықтырушысы Мақсат Шаранов, жастар құрамасының жаттықтырушысы Владимир Затула және жаттықтырушы Мұрат Мұсылманов болашақта тәжірибеде қолданылатын көптеген пайдалы білім алып, IBU академиясының бағдарламасы бойынша оқуын аяқтады.
Жазда биатлоннан жасөспірімдер құрамасының спортшылары үшін Назарбаев Университетінің магистранттарымен бірлесіп "спорт психологиясы" және "спорттық тамақтану" тақырыбында семинарлар өтті. Семинар аясында спортшыларымыз спорттық психология ғылымымен танысып, жарыс кезінде стресспен күресу тәжірибелерімен бөлісті және іс жүзінде бұлшықеттердің прогрессивті релаксация техникасын қолданып көрді. Сондай-ақ, тағамдық қоспаларды қабылдау ережелерін біліп, қызықты квиз көмегімен өткен материалды бекітті.
Сондай-ақ, жазда Шучинск қаласында Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолиядан келген youth (жастар) санатындағы үздік спортшылардың қатысуымен екі апталық халықаралық Sport camp өтті. Қоштасу рәсімінде спортшылар сертификаттар мен естелік сыйлықтар иеленді.
Қостанайда облыстық биатлон федерациясы ашылды. 2023 жылғы 25 қазанда Қостанай қаласында алғаш рет Қазақстан Республикасы күніне арналған кросс биатлоннан жарыс өтті. Жарысқа 27 ұл және 24 қыз, жалпы саны 51 спортшы қатысты.
Биыл Қазақстан құрамасы биатлоннан үздік екі жаттықтырушымен толықтырылды. Команданың оқ ату бойынша бапкері болып атақты неміс жаттықтырушысы Геральд Хёниг сайланды. Ұзақ уақыт бойы ол Германия мен Австрияның әйелдер ұлттық құрамасын, сондай-ақ Италия ұлттық құрамасын жаттықтырды. Ал Қазақстан әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы ретінде Беларусь бапкері Владимир Борисович Королькевич тағайындалды. Оның қол астында жаттыққан спортшылар бірнеше рет әлем чемпионаты, Олимпиада ойындары мен әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегерлері мен чемпиондары атанған.
2023 жылы отандық биатлон үшін ең құнды ақпараттық қолдауды "Qazsport"телеарнасы көрсетті. Олар алғаш рет Щучинск қаласында биатлоннан жасөспірімдер мен жеткіншектер арасындағы әлем чемпионатын, сондай-ақ Швеция мен Австриядағы әлем кубогының алғашқы кезеңдерін тікелей эфирде көрсетті.
Осы спорт түрін танымал ету және дамыту мақсатында өңірлерде, әсіресе жақында биатлоннан базалар ашылған облыстарда, сондай-ақ Астанада балалар бөлімшесін ашу мақсатында 2023 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында биатлоннан Қазақстан Кубогы мен чемпионатының жаңа форматы бекітілді. Мерген шаңғышылардың жарыстары енді Grand Tour Biathlon деген жаңа бренд атаумен өтеді және 4 қысқы, 2 жазғы кезеңнен тұрады.
Жарыстың әр кезеңі еліміздің 6 өңірінде жоспарланған. 9-15 желтоқсан аралығында Риддер қаласындағы Олимпиадалық резерв колледжінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернаты базасында сайыстың алғашқы кезеңі өтті. Кубоктың екінші кезеңі 2024 жылғы қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласында жалғасын табады. Ерекшелігі, бұл бәйгенің жаңа форматы әлем кубогының кезеңдеріне барынша сәйкестендірілген.
2023 жылдың қорытынды жарысы Щучинск қаласында өткен Қазақстан Кубогының екінші кезеңі болды. Қос кезең нәтижесі бойынша жасөспірімдер олимпиадасына қатысушылар анықталды.
Олимпиадаға жолдаманы жасөспірім ұлдар арасында Ілияс Хасенов, Зотов Кирилл, Редькин Антон, ал қыздар арасында Карабаева Алема, Воробьева Мария және Рыбалкина Эвелина иеленді.
2024 жылды спортшыларымыз Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы жасөспірімдер олимпиадасымен бастайды. Балалар спортын дамытуға бағытталған Grand Tour Biathlon жобасының қалған 5 кезеңі Батыс Қазақстан облысы, Павлодар, Щучинск, Петропавл және Астана қаласында өз жалғасын табады. Жазда елордамызда биатлон базасын ашу жоспарлануда. Аталған сайыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар Норвегиядағы балалар лагеріне жолдама иеленеді. Наурыз айының 10-20 аралығында Щучинск қаласында биатлоннан Азия чемпионаты өтеді. Сары құрлықтың 8 мемлекетінен 150-ден астам спортшылар қатысады деп күтілуде.
Сонымен қатар, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға арналған IBU академиясының бағдарламасы алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылады. Сондай-ақ. ұлттық құрама спортшылары Әлем Кубогының қалған 6 кезеңі мен Чехияда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.
Әдеттегідей, Қазақстан Биатлоншылар Одағы спортшыларымыздың жеңіс тұғырынан көрініп, биатлонды қазақстандықтардың сүйікті спорт түріне айналдыру жолында өзінің қарқынды жұмысын жалғастырады. Осы орайда, жыл бойы бізге сенім білдіріп, қолдау көрсеткен биатлон жанкүйерлеріне алғыс білдіреміз. Жаңа 2024 жыл ұлттық құрама үшін жеңіс пен жетістікке толы болары сөзсіз.