Олимпиада белесінен балалар спортына дейін: Жауапты маусым қорытындысы

Аяқталған биатлон маусымы Федерация үшін үлкен ұйымдастырушылық жұмыстар кезеңі болды. Бас бапкер Мақсат Шарановтың жетекшілігімен Қазақстан құрамасы Олимпиада циклінің негізгі кезеңдерінен өтіп, біліктілік міндеттерін орындауға және жас спортшыларды даярлауға басымдық берді.
Олимпиада белесінен балалар спортына дейін: Жауапты маусым қорытындысы

Маусым жоғары жауапкершілік жағдайында өтті. Биылдан бастап тізгінді ұстаған Сергей Соколовский (ерлер құрамасы) мен Владимир Королькевич (әйелдер құрамасы) бастаған бапкерлер штабы бірінші триместрдегі ашық іріктеу негізінде негізгі құрамды жасақтады.

Маусымның алғашқы бөлігіндегі басты мақсат - Олимпиада ойындарына жолдама алу болды. Іріктеу қорытындысы бойынша құрама 2+2 квотасына ие болды. Италия төрінде ел намысын Владислав Киреев (екінші Олимпиадасы), сондай-ақ додаға алғаш рет қатысқан дебютанттар: Әсет Дүйсенов, Милана Генева және Айша Ракишева қорғады.

Әлем кубогы кезеңдеріндегі айтулы нәтиже ретінде Владислав Киреевтің Хохфильцендегі (Австрия) із кесу жарысында иеленген 20-шы орнын атап өтуге болады.

Биылғы маусымның тағы бір маңызды жаңалығы - парабиатлоншылардың ресми түрде біздің Федерацияның құрамына өтуі. Осы маусымның ең жарқын жеңісі-Ербол Хамитовтың Паралимпиада ойындарында алған тарихи алтын медалі болды.

Негізгі құрамның жұмысымен қатар, біз балалар спортын дамытуды басты назарда ұстап келеміз. Биыл биатлон географиясын кеңейтуге арналған «Grand Tour Biathlon» жобасының үшінші маусымы сәтті басталды. Алғашқы кезең дәстүр бойынша Риддер қаласында ұйымдастырылды.Екінші кезең алғаш рет Қостанайда өтті. Бұл сында тұңғыш рет биатлон дамып келе жатқан еліміздің барлық 12 өңірінен қатысушылар жиналды. Осы кезеңдердің қорытындысы бойынша жеңімпаздар Норвегияда өтетін ең ірі балалар фестивалі - Liatoppen-ге жолдама алды. Үшінші кезеңді Павлодар қаласы қабылдады.

Федерация бапкерлердің халықаралық деңгейде білім алуына ерекше көңіл бөлуде. Биыл Алина Коломиец IBU Академиясының бірінші курсын сәтті аяқтады. Бұған дейін аталған халықаралық мектепте Мақсат Шаранов (3-курс), Мұрат Мұсылманов және Владимир Затула (1-курс) білім алған болатын.

Маусымның салтанатты түйіні — Ақмола биатлонының 50 жылдық мерейтойы болды. Қазақстан чемпионаты аясында Федерация осы өңірдегі спорттың негізін қалаушылар мен ақсақалдарды құрметтеп, оларға құрмет грамоталарын, естелік сыйлықтар мен ақшалай сыйақылар табыстады.

Баршаңызды маусымның аяқталуымен құттықтаймыз! Спортшылар мен бапкерлерге келесі маусым алдында күш жинап, жақсы демалуды тілейміз!