#Қазақстан

Маусымның ресми старты: Щучинскіде биатлоннан Қазақстан Кубогының І кезеңі басталды

Қазақстанда биатлон маусымы ресми түрде ашылды! Щучинскіде биатлоннан Қазақстан Кубогының бірінші кезеңі басталды. Жарысқа еліміздің 9 аймағынан 100-ден астам спортшы қатысуда. Олар маусымның алғашқы жүлделері мен өздерін көрсету мүмкіндігі үшін бақ сынасуда.
Маусымның ресми старты: Щучинскіде биатлоннан Қазақстан Кубогының І кезеңі басталды

Бүгін, 27 қарашада, Кубок бағдарламасында спринт жарыстары өтті. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, биатлоншылар жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

Ерлер арасында Евгений Литвинов (Шығыс Қазақстан облысы) алтын медальді жеңіп алса, күміс жүлде Данил Дудкоға (Ақмола облысы), ал қола Владислав Малыковқа (Ақмола облысы) бұйырды.

Юниорлар санатында Ілияс Хасенов (Ақтөбе облысы) жеңімпаз атанды, екінші орынды Трофим Коломин (Шығыс Қазақстан облысы) иеленсе, үшінші орынға Иван Беленец (Ақмола облысы) тұрақтады.

Әйелдер арасындағы тартысты бәсекеде Яна Чупик (Алматы облысы) жеңіске жетті. Екінші және үшінші орынды Ақмола облысының спортшылары өзара бөлісті: Салина Майер күміс жүлдені еншілесе, Арина Куприянова қола медаль иегері атанды.

Юниор қыздар арасында Анастасия Хвощенок (Ақмола облысы) мәре сызығын бірінші болып қиды. Эвелина Рыбалкина (ШҚО) күміс медальді жеңіп алса, оның жерлесі Милена Машковская (ШҚО) үшінші орыннан көрінді.

Жарыс ертең, 28 қарашада жалғасады. Биатлоншылар тағы да спринт бәсекесінде бақ сынайтын болады. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз!