Қазақстандық биатлоншылар Хохфильцендегі Әлем кубогі кезеңінде эстафетада 15-орын иеленді
Жарыстың бастапқы кезеңінде Александр Мухин өнер көрсетіп, бірінші ату кезеңіне дейін үздік бестікте тұрақтады. Бірақ алғашқы ату кезінде екі, ал екінші кезеңде тағы бір қосымша оқ қолданып, эстафетаны 16-шы позицияда Владислав Киреевке тапсырды. Владислав Киреев өз кезегінде өте жақсы нәтиже көрсетіп, команданы 5 позицияға жоғары көтерді. Ол бірінші атуда мүлт кетпей, ал жатып ату кезінде тек бір ғана қосымша оқ қолданды. Осылайша, эстафетаны 11-ші орында келесі спортшыға тапсырды.
Құраманың ең жас спортшысы Вадим Куралес эстафетаны ары қарай жалғастырды. Бұл оның ерлер арасындағы Әлем кубогы эстафетасындағы дебюті. Ол үш қосымша оқтың көмегімен барлық нысананы жауып, кезекті 15-ші позицияда Асет Дюсеновке тапсырды. Эстафетаның соңғы кезеңінде Асетке де оңай болмады, ол бес рет нысанаға мүлт кетті. Десе де, 15-ші орынды сақтап қала алды.
Жалпы команда сегіз ату алаңында 12 қосымша оқ қолданса да, бірде-бір айып айналымына түспеді. Қазақстан құрамасы жарыс жеңімпазы болған Франция құрамасынан 5 минут 7,1 секундқа артта қалды. Франция құрамасының сапында Фабьен Клод, Кентен Фийон-Майе, Эрик Перро және Эмильен Жаклен сынды мықты биатлоншылар өнер көрсетті.