Тарихи жеңіс: Ербол Хамитов Паралимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына алтын салды
Қазақстанның спорт шежіресіне жаңа белес қосылды. Пара-биатлон мен шаңғы жарысынан ұлттық құраманың көшбасшысы Ербол Хамитов қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы атанды. Әрбір мүлт кету жеңісті қолдан шығарумен тең келетін аса тартысты бәсекеде Ербол оқ ату бекетінде жинақылық танытып, қашықтықта жоғары жылдамдық көрсетті. Бұл жетістік — көпжылдық қажырлы еңбектің, жүйелі дайындықтың және жеңіске деген мұқалмас жігердің жемісі.

Ерболдың 4,5 шақырымдық із қуалау жарысындағы жеңісі бірінші ату кезеңіндегі дәлдігі мен дұрыс таңдалған тактиканың нәтижесі болды. Екінші ату кезеңінде бір рет мүлт кеткеніне қарамастан, жерлесіміз жоғары қарқынды сақтай отырып, мәре сызығына дейін көшбасшылықты бермеді.
Айта кетерлігі, бұл Ербол Хамитовтың Миландағы Паралимпиада ойындарындағы екінші жүлдесі (бұған дейін ол шаңғы жарысында «қола» иеленген болатын). Сонымен қатар, Ербол - Қазақстан тарихында пара-биатлон бойынша алтын медаль алған алғашқы спортшы. Бұл жеңіс еліміздің қысқы спорт түрлерінен әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Құтты болсын, Қазақстан! Алға, көк туымыз желбірей берсін!



