Grand Tour Biathlon: жеке жарыс қорытындысы
2009-2010 жылдары туылған жасөспірім ұлдар арасында 6 км қашықтықта Шығыс Қазақстан облысының тумасы Полторанин Евгений көш бастады. Ол барлық межеге дәл тигізіп, 0:16:53 уақытта мәреге жетті. Ату кезеңінде Дудченко Никитаның бір оғы қиыс кетіп,17 минут 15 секунд ішінде екінші болып жетсе, оның ізінен Немцев Егор 17 минут 27 секунд секундта жарысты аяқтады. Батыс Қазақстан облысынан келген Тажибаев Арын 4,5 км қашықтықта 2011-2013 жылдары туылған жасөспірім ұлдар арасында ең үздік атанды. Ол ату аймағында еш мүдірместен 13 минут 39 секундта чемпион атанды. Чирвин Денис ату кезінде бір рет қателесіп, 14 минут 18 секунд ішінде екінші болып жетті. Ал, 14 секундтан кейін Кондауров Илья 14 минут 32 секундта үздік үштікке ілінді.
2009-2010 жылдары туылған жасөспірім қыздар арасында Шығыс Қазақстан облысынан Небогатова Варвара ату аймағында бір рет қателескеніне қарамастан, жарыс көшбасшысы атанды. Ол мәреге 19 минут 05 секундта жетті. Оның ізінен 30 секунд айырмашылықпен, жерлесі Афанасьева Ангелина 19 минут 40 секундта күміс жүлдені иеленді. Үшінші болып жеңіс тұғырына ақмолалық Хафизова Альбина көтерілді. Ол мәре сызығын 20 минут 10 секундта кесіп өтті.
2011-2013 жылдары туылған жасөспірім қыздар арасында Ақмола облысынан Жигулина София 14 минут 19 секундта жеңімпаз атанды. Тимофеева Эвелина 20 секундқа есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды. Ал, 14 минут 57 секундта Мукатова Лейла жарыстың қола жүлдегері атанды. Аталған бұл үш биатлоншы қыздарымыз ату аймағында барлық нысананы дәл көздеп, асқан мергендік танытты.
Ертең спортшыларымыз үшін демалыс күні. 7 наурыз, жарыстың соңғы күнін олар эстафетамен аяқтайды.