Жаңа кезең,жаңа мақсат: Лука Бормолини биатлоннан ел резервімен жұмысты бастады

Щучинск қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығында Қазақстанның жасөспірімдер мен жастар құрама командаларының оқу-жаттығу жиыны өтуде. Бұл команданың жаңа кеңесші-жаттықтырушы, итальяндық маман Лука Бормолинимен алғашқы оқу-жаттығу жиыны. Мұнда 28 спортшы және 8 отандық жаттықтырушы қатысуда.
Жаңа кезең,жаңа мақсат: Лука Бормолини биатлоннан ел резервімен жұмысты бастады

Бұл кезең өте маңызды, өйткені алдағы күндері Лука Бормолинимен жұмысты ары қарай жалғастыратын ең қабілетті әрі мықты спортшылар іріктеледі.Іріктеу әділ әрі ғылыми түрде болуы үшін, бүгін спортшылар Астанадағы Beunlimited оңалту және фитнес орталығында кешенді функционалдық тест тапсырды. Зерттеу нәтижелері жаттықтырушылар штабына әр атлеттің нақты көрсеткіштерін анықтауға және оларға жеке жаттығу жоспарларын құруға мүмкіндік береді.

Халықаралық сарапшымен ынтымақтастық қазақстандық биатлонда тиімді жүйе құруға бағытталған. Лука Бормолинидің жұмысы мынадай үш басты міндетті қамтиды:

  1. «Grand Tour Biathlon» жобасы түлектерінің дайындығын арттырып, оларды негізгі Ұлттық құрама деңгейіне жеткізу.

  2. 2030 жылы Францияда өтетін Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын негізгі құрамның негізін қалау. Болашақ көшбасшыларды даярлау қазірден басталады.

  3. Жоба аясында отандық жас мамандарды оқыту қарастырылған. Сегіз қазақстандық жаттықтырушы Бормолинимен бірге жұмыс істей отырып, еуропалық әдістемелерді тікелей тәжірибеде меңгереді.

Щучинск қаласындағы оқу-жаттығу жиыны 28 мамырға дейін жалғасады. Жиын қорытындысы бойынша дайындықтың келесі кезеңіне іріктелген команда құрамы анықталады. Келесі оқу-жаттығу жиыны маусым айында Италияда өтеді.