Биатлоннан Әлем Чемпионаты: Алғашқы эстафета қорытындысы

Чехияның Нове-Место қаласында биатлоннан Әлем Чемпионаты аралас эстафеталық жарыспен басталды. Бұл туралы Қазақстан Биатлоншылар одағының баспасөз қызметі хабарлайды.
Биатлоннан Әлем Чемпионаты: Алғашқы эстафета қорытындысы

Жарыс қорытындысы бойынша Франция құрамасы бас жүлдені иеленсе (1:09:24.4), күміс Норвегияға (+45.2 сек), қола Швеция спортшыларына (+1:01.7 мин) бұйырды. Қазақстан құрамасы жарысты 21-орынмен аяқтады.

Отандық спортшылардың көрсеткіштері:

І кезең: Александр Мухин ату алаңында мергендік танытып, көшбасшыдан небәрі +25.6 секунд қана қалып, эстафетаны 5-орында сәтті тапсырды.

ІІ кезең: Владислав Киреев бірінші ату аймағында — 2, екіншісінде 1 қосымша патрон қолданып, уақыт айырмашылығын +2:27.8 минутқа жеткізді.

ІІІ кезең: Галина Вишневская-Шепоренко екі ату айналымында да 1 қосымша патроннан пайдаланып, нысананы түгел жапты (+4:18.4 мин).

ІV кезең: Полина Егорова алғашқы атуда — 1, екіншісінде 3 қосымша патрон жұмсап, мәре сызығын 21-болып кесті.

Құраманың жеңімпаздардан жалпы артта қалу уақыты +7:38.0 минутты құрады. Назар аударыңыз, 9 ақпанда әйелдер арасында 7,5 шақырымдық спринт жарысы өтеді. Отандық жанкүйерлер барлық жарыстарды «Qazsport» телеарнасы мен qazsporttv.kz сайтынан тікелей эфирде тамашалай алады.