Биатлоннан Олимпиадаға баратын спортшылар тізімі қашан белгілі болады?

Қазақстан ерлер құрамасында 2 жолдама, әйелдерде 1 жолдама бар. Алайда, бұл - соңғы шешім емес. Құрамды кеңейту және рейтингтегі орынды нығайту үшін күрес әлі де жалғасуда. Квоталардың нақты саны мен спортшылардың құрамы туралы түпкілікті шешім Әлем кубогінің бесінші кезеңінен кейін шығарылады. Дәл осы қаңтар айы бүкіл команда үшін «шешуші сәт» болмақ.
Өткен жылдары көшбасшылар алдын ала белгілі болса, биыл ерлер командасында жағдай мүлдем басқаша. Жаттықтырушылар штабы атап өткендей, қазір құрама ішінде өте жоғары бәсекелестік байқалады.
«Бізде ешкімге алдын ала "брондалған" орын жоқ. Қаңтардағы әрбір старт - спортшының өз мықтылығын дәлелдеуіне берілген үлкен мүмкіндік. Жігіттердің нәтижелеріндегі айырмашылық тым аз, сондықтан қазір барлығының да мүмкіндігі тең. Италияға баратын жолда бәрін трассадағы жылдамдық пен ату алаңындағы дәлдік шешеді», - деп атап өтті бапкерлер.
Мұндай бәсекелестік команданың дамуына оң әсерін тигізуде. Әрбір спортшы Олимпиада жолдамасы бұрынғы еңбегі үшін емес, дәл қазіргі бабы мен дайындығына қарай берілетінін жақсы түсінеді. Қаңтар айындағы Әлем кубогінің кезеңдері біздің биатлоншылар үшін нағыз «ішкі чемпионатқа» айналады. Әрбір жарыс, нысанаға дөп тиген әрбір оқ спортшыны олимпиадалық арманына жақындата түседі.
Біз барша жанкүйерлерді осы бір жауапты кезеңде спортшыларымызға демеу болуға шақырамыз. Қазір олар үшін елдің сенімі мен қолдауын сезіну өте маңызды. Милан-2026 жолындағы шешуші шайқас қызып тұр!
Қазақстан биатлонының жетістіктері мен дамуына «Sport Qory» қолдау көрсетіп келеді.



