Павлодардағы биатлон мерекесі: Grand Tour Biathlon чемпионаты қалай өтті?

Павлодар қаласы еліміздің биатлон картасындағы негізгі нүктелердің бірі екенін тағы да дәлелдеді. Жақында мұнда жасөспірімдер арасында Grand Tour Biathlon сериясы аясында Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Бұл доданың басты ерекшелігі - жарыстың алғаш рет жаңадан ашылған «Зеленая Роща» шаңғы-биатлон базасында өтуі. Заманауи трасса мен жаңа инфрақұрылым мұндай деңгейдегі доданы тұңғыш рет қабылдап отыр.
Павлодардағы биатлон мерекесі: Grand Tour Biathlon чемпионаты қалай өтті?

Жарысқа еліміздің 12 аймағынан 180 жас спортшы қатысты. Бұл - бүгінде Қазақстанда биатлон спорты қарқынды дамып жатқан барлық өңірлердің басы қосылды деген сөз.

Сайыстың алғашқы күні жанкүйерлер серпінді спринт гонкаларын тамашаласа, екінші күні спортшылар мергендік пен төзімділікті талап ететін жекелей жарыста бақ сынасты. Жарысқа келе алмаған жанкүйерлер мен ата-аналар үшін "Qaz Biathlon" YouTube-арнасында тікелей трансляция ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен балаларына қолдау көрсетуге мүмкіндік жасалды.

Павлодардағы Grand Tour Biathlon тек спорттық рекордтармен ғана емес, біртұтас отбасылық атмосферасымен де есте қалды. Ұйымдастырушылар олимпиадашылардан арнайы тілектер жазылған эксклюзивті мерч өнімдерін дайындап, жас буынға ерекше мотивация сыйлады. Сондай-ақ, ата-аналар да назардан тыс қалмады: олар лазерлік мылтықпен нысана көздеп, жеңімпаздар Федерацияның бағалы сыйлықтарына ие болды. Ал ата-аналар комитетінің бастамасымен балаларға ыстық тамақ ұйымдастырылып, стадион іші ерекше қамқорлық пен жылулыққа бөленді.

Салтанатты марапаттау рәсіміне Биатлон федерациясының өкілдері, Павлодар қалалық спорт басқармасының басшысы, БЖСМ (ДЮСШ) директорлары мен БАҚ өкілдері қатысты. Қазақстан биатлоншылар одағы балалар спортын қолдап, нағыз мереке сыйлаған барлық ұйымдастырушыларға, еріктілер мен ата-аналарға шексіз алғыс білдіреді.

Жарыс нәтижелері мен спортшылардың жалпы рейтингтегі орнын Grand Tour Biathlon ресми сайтының «Рейтингтер» бөлімінен көре аласыздар.