Биатлоннан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты:қазақстандық спортшылардың нәтижесі
23 ақпан мен 2 наурыз аралығында өткен байрақты бәсекеде әлемнің 40-қа жуық елінен 400-ден астам спортшы қатысты. Әлемдік біріншілік аясында спринттер, жеке жарыстар, масс старт және эстафеталар өтті. Ерлер арасында 15 км қашықтықта Вадим Куралес 104 спортшының арасынан үздік ондыққа ілікті. Ол мәреге 8-ші болып жетті. Червенко Данил 31-ші, қыздар арасында 86 спортшының арасынан Арина Крюкова 35-ші, Милана Генева 39-шы орынға тұрақтады.
Жасөспірім ерлер арасындағы 10 км спринт сайысында Вадим Куралес үздік 25-ке кірсе, Данил Червенко 30-шы, Егор Гребенщиков 36-шы болып жарысты аяқтады. Жасөсіпірім қыздар арасында 7,5 км спринтте Арина Крюкова үздік 30 спортшының қатарына енді. Ол мәреге 27-ші болып келді. Милана Генева 36-шы болып мәреге жетті. Жасөспірім ерлер арасындағы эстафетада құрама 12-ші орынды иеленді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы атынан Данил Червенко, Егор Гребенщиков, Артем Афанасьев және Вадим Куралес өнер көрсетті.
Жарыстың соңғы күні жасөспірім қыздар арасындағы эстафетада команда үздік ондыққа енді. Эстафетаны Арина Крюкова бастады. Ол 2 айналымда да ешқандай қосымша оқтың көмегінсіз, барлық нысананы қатесіз жапты. Екінші кезеңде жарыс алаңына Милана Генева шығып, бірінші кезеңде межені дәл көздеп, екіншісінде бір қосымша оқтың көмегімен жапты. Одан әрі жалғастырған Мария Польдяева мен Ксения Долгополова да мергендік танытып, құраманы үздік ондыққа кіргізді.
Қазір юниорлар құрамасы елге оралды. Олар Щучинсктегі Қысқы Олимпиадалық даярлау орталығының базасында оқу-жаттығу жиынын өтіп, наурыздың аяғында өтетін Қазақстан Республикасының Чемпионатына қатысады.