Алғаш рет биатлоннан ұлттық құрама Әлем чемпионатында үздік ондыққа енді
Чехияның Нове-Место қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінде биатлоннан ерлер құрамасы эстафета сайысында үздік ондыққа енді. Бұл жарыста ел намысын Александр Мухин, Владислав Киреев, Асет Дюсенов және Никита Акимов қорғады. Жарыс алаңына алғаш болып Александр Мухин шықты. Ол барлық нысанаға дәл тигізіп, жеңімпаздан +0.9 секунд айырмашылықпен эстафетаны үздік үштіктің қатарында Владислав Киреевке тапсырды. Айта кету керек, Александр Мухин шаңғымен жүгіру жылдамдығы бойынша норвегиялық спортшы Стурла Легрейдттен жарты минутқа озып кетті.
"Алғашқы бестіктің қатарында эстафетаны тапсыратынымды сезгенмін. Алайда, лидермен бірдей уақытта беру мен үшін керемет көрсеткіш" деп Мухин өз әсерін жасырмады.
Владислав Киреев алғашқы жатып ату кезеңінде 3 қосымша оқтың көмегімен, ал тұрып ату кезінде бірден барлық межеге дөп тигізді. Ол эстафетаны Асет Дюсеновке үздік төрттіктің қатарында тапсырды.
"Ауа-райының қолайсыздығы мен қардың еріп жатқанына қарамастан, біздің шаңғыларымыз керемет жүріп тұрды. Осы орайда, құраманың шаңғы майлаушыларының еңбегін атап өту керек. Бұл тұста ешбір елден кем емеспіз" деді Киреев жарыстан соң.
Жарыс алаңына шыққан Асет Дюсенов бірінші айналымда 2 оғы қиыс кетіп, қосымша оқтың көмегімен барлық нысананы жапса, екінші айналымда мергендік танытып, таза атты. Дюсеновтен кейін бәсекені алғаш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысушы Никита Акимов жалғастырды. Ол бірінші айналымда 3 қосымша, екінші айналымда 2 қосымша оқ пайдаланса да, команданы үздік ондықтан түсірмеді.
"Біз Норвегия, Швеция және Германия секілді елдермен жарыса бастадық. Бүгін үздік ондыққа ендік. Өте қуаныштымыз, қолдау білдірген жанкүйерлерімізге көп рақмет. Бұл біздің жетістігіміздің тек бастамасы болады деп сенеміз"-дейді қос спортшы.
Осылайша, жылдың ең басты старты өз мәресіне жетті. Алда биатлоншыларымыз Әлем Кубогының соңғы кезеңдерінде бақ сынап, қысқы маусымды қорытындылайды. Келер жылы қысқы Азия ойындары және 2026 жылы Миландағы Олимпиада ойындары келе жатқанын ескерсек, ұлттық құраманың бұл жетістігі жүлдеге үміттендіреді.