GRAND TOUR BIATHLON финалы Астанада қалай өтті: 10 миллион теңгелік жүлде қоры, Ербол Хамитовтың сыйақысы және хрустальді кубоктар

Қазақстан Биатлоншылар Одағы елдегі жасөспірімдер биатлонын дамытуға бағытталған ең ірі жоба - GRAND TOUR BIATHLON үшінші маусымын ресми түрде қорытындылады. Биыл маусым бес кезеңнен тұрды, олардың әрқайсысы жас биатлоншыларға баға жетпес тәжірибе берді. Астанадағы финал тартысты күреспен қатар әсерлі жүлде қорымен де ерекшеленді: қорытынды кезеңде үздік 5 облысқа жалпы сомасы 10 миллион теңгеге ақшалай сертификаттар, хрусталь кубоктар, көшбасшылардың сары майкалары мен басқа да бағалы сыйлықтар табысталды.
Маусым бүкіл ел аумағын қамтып, барған сайын ауқымын кеңейтті: Риддерден басталған жарыстар тізбегі Қостанайға, содан кейін Павлодар мен Петропавлге жетті және елордадағы ауқымды финалмен аяқталды. Петропавлдағы бесінші кезеңде 209 спортшы бақ сынап, қатысушылар саны бойынша рекорд орнатты, ал Астанадағы қорытынды мереке географиялық қамту жағынан рекорд көрсетіп, Қазақстанның 12 өңірінің өкілдерін бір алаңға жинады.
Қазақстан Биатлоншылар Одағы үздік спортшыларды ынталандыруды басты мақсаттарының бірі санайды. Үшінші жыл қатарынан қысқы үш кезеңнің жеңімпаздары биатлонның отаны Норвегияға, ірі халықаралық балалар фестивалі Liatoppen-ге баруға мүмкіндік алды. Биыл Қазақстанның намысын еуропалық аренада Илиан Базелинский, Татьяна Умурзакова, Фёдор Карпачёв және Ксения Крашкевич қорғады.
Астанадағы финалдың басты оқиғасы - олимпиада чемпиондарымен кездесу болды. Фан-аймақта олимпиада ойындарының жүлдегері Елена Хрусталёва мен әлем және Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовпен автограф-сессия ұйымдастырылды. Атақты паралимпиада чемпионы жас спортшыларға сыйлық та жасады. Ербол Хамитов өз атынан спринт пен жекелей жарыс жеңімпаздарына, сондай-ақ маусым чемпиондарына ақшалай сыйақы табыс етті.
Сонымен Grand Tour Biathlon жобасының үшінші маусымының чемпиондары анықталды:
Илиан Базелинский (Қостанай облысы)
Ксения Крашкевич (Павлодар облысы)
Павел Монченко (Ақмола облысы)
Варвара Дудина (Қостанай облысы)
Федерация тарапынан бес үздік командаға заманауи спорттық инвентарь сатып алуға және спорт базасын дамытуға арналған ақшалай сертификаттар табысталды:
1-орын: Шығыс Қазақстан облысы — 3 500 000 ₸
2-орын: Ақмола облысы — 2 500 000 ₸
3-орын: Солтүстік Қазақстан облысы — 1 500 000 ₸
4-орын: Астана қаласы — 1 000 000 ₸
5-орын: Павлодар облысы — 700 000 ₸
Жаттықтырушылардың еңбегі де назардан тыс қалған жоқ: «Үздік балалар жаттықтырушысы» атанымы мен Федерациядан 500 000 теңге сыйақыны Қостанай облысының жаттықтырушысы Мария Королёва жеңіп алды.
GRAND TOUR BIATHLON жарысы жыл өткен сайын Қазақстан спортының танымал брендіне айналып келеді. Біздің мақсатымыз айқын: Grand Tour Biathlon жобасын халықаралық брендке айналдыру. Біз бүгін тәрбиелеп жатқан чемпиондар 2030-2034 жылғы Олимпиада ойындарында еліміздің абыройын асқақтатады деп сенеміз!
Қазақстан Биатлоншылар Одағы ҚР Туризм және Спорт министрлігіне, Астана қаласының Спорт басқармасына, серіктестерге, төрешілер алқасына, жаттықтырушыларға, еріктілер мен ата-аналарға ортақ істегі үлестері үшін алғысын білдіреді.





