Балалар биатлонының жаңа белесі: Grand Tour Biathlon Astana Finals қалай өтті?

3-4 тамыз күндері Астананың Орталық паркінде Grand Tour Biathlon жобасының ақтық кезеңі мәресіне жетті. Бұл жай ғана жарыс емес, еліміздің жас спортшылары мен жанкүйерлерін біріктірген нағыз спорт мерекесіне айналды.
Балалар биатлонының жаңа белесі: Grand Tour Biathlon Astana Finals қалай өтті?

Қазақстан биатлоншылар одағы жасөспірімдер биатлонын дамытуға бағытталған екінші маусымды қорытындылады. Биылғы маусым Риддерден бастау алып, Ақсай (БҚО), Павлодар, Балқашино (Ақмола обл.), Петропавл қалаларында жалғасып, елорда төрінде өз мәресіне жетті. 

Федерация дәстүрлі түрде үздік спортшыларды биатлонның отаны - Норвегияға жіберіп келеді. Биыл Liatoppen халықаралық фестивалінде Қазақстан намысын Егор Немцев, Артём Нанакин, Валерия Трифонова және Варвара Небогатова қорғады.Егор Немцев спринт жарысында Еуропаның үздіктерін артқа тастап, 1-орын иеленді! 

Биылдан бастап барлық кезеңдер QAZ BIATHLON YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетіледі. Сонымен қатар, жанкүйерлер үшін кеңейтілген фан-зона ұйымдастырылды. Олимпиада жүлдегері Елена Хрусталева мен ұлттық құрама мүшелері - Владислав Киреев, Асет Дюсенов, Александр Мухин, Вадим Куралес жас спортшыларға автограф беріп, тәжірибелерімен бөлісті.

2025 маусымының чемпиондары

Алты кезеңнің қорытындысы бойынша абсолютті жеңімпаздар анықталды:

  1. Егор Немцев (ШҚО)

  2. Варвара Небогатова (ШҚО)

  3. Рамиль Сарсембаев (ШҚО)

  4. Варвара Дудина (Қостанай обл.)

 Өңірлер мен жаттықтырушыларды қолдау

Биыл Федерация үздік командаларға инвентарь сатып алу үшін жалпы сомасы 10 миллион теңге болатын сертификаттар табыстады:

1-орын: Шығыс Қазақстан облысы - 3,5 млн ₸

2-орын: Ақмола облысы - 2,5 млн ₸

3-орын: Павлодар облысы - 1,5 млн ₸

4-орын: Қостанай облысы - 1 млн ₸

5-орын: Солтүстік Қазақстан облысы - 700 000 ₸

Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы Олимпиада ойындарының қатысушысы - Владислав Витенко атанды.

Маусым аяқталса да, жаттығу тоқтамайды! 5-15 тамыз аралығында Щучинск қаласында үздік спортшылар үшін оқу-жаттығу жиыны өтуде. Дайындықты Чехия құрамасының экс-бас бапкері Лука Бормолини жүргізуде. Бұл - жас атлеттердің кәсіби деңгейін көтерудің таптырмас мүмкіндігі. 

Біздің мақсатымыз айқын: 2026 жылға қарай қатысушылар санын 500-ге жеткізу және Grand Tour Biathlon жобасын халықаралық брендке айналдыру. Біз бүгін тәрбиелеп жатқан чемпиондар 2030-2034 жылғы Олимпиада ойындарында еліміздің абыройын асқақтатады деп сенеміз!