Биатлоншылар теріні үсіктен қалай сақтайды?

1. Тейп жапсыру: Бетті желден қорғау
Беттегі түрлі-түсті жолақтар кинезиотейптер деп аталады. Жас биатлоншылар үшін оны дұрыс қолданудың маңызы зор. Тейп мұздай желге қарсы механикалық тосқауыл болады. Көбіне беттің ең сезімтал тұстары бет сүйегі (скулы), мұрынның ұшы және иек тұсына жабыстырылады. Тейпті далаға шыққанға дейін құрғақ, таза теріге жапсырады. Оны қатты тартпай жапсыру маңызды, себебі тері астындағы қан айналымы бұзылмауы тиіс. Себебі, теріні іштен жылытатын дәл осы қан айналымы.
2.«Майлы крем» ережесі (Cold-cream)
Жаңадан бастаған спортшылардың ең үлкен қателігі - жаттығу алдында кәдімгі ылғалдандырғыш (увлажняющий) кремдерді қолдану. Мұндай кремдердің құрамында су болады. Аязда су тамшылары тері тесіктерінде қатып, теріні іштен зақымдайды. Құрамында суы жоқ, майлы негіздегі арнайы қорғаныш кремдерін пайдаланыңыз. Олар жылуды сақтап, суықты өткізбейтін қорғаныс қабатын түзеді.
3. Саусақтардың сезімталдығын сақтау
Ату алаңындағы басты мәселе - саусақтардың мұздап қалуы. Егер саусақ ұйып қалса, мерген мылтықтың басылуын сезбей қалады. Кейбір биатлоншылар сұқ саусақтың ұшына жұқа тейп жапсырады. Бұл саусақтың жылуын ұзақ сақтап, сонымен бірге мылтықты дөп басуға көмектеседі.
4. Термо іш киім мен бафф
Бафф (мойынға тағатын шарф) пен жел өткізбейтін арнайы іш киімдерді ұмытпаңыз. Бірақ бафф арқылы дем алғанда, матаның суланып, бетке қатып қалмауын қадағалаңыз.Қатып қалған мата теріні ауадан да қатты тоңдырады.
Есіңізде болсын! Егер жаттығу кезінде бет терісінің ағарып кеткенін немесе сезімталдығын жоғалтқанын байқасаңыз, жаттығуды дереу тоқтатып, жылы жерге кіру керек. Биатлон төзімділікті талап етеді, бірақ спортшының денсаулығы бәрінен де маңызды.
Қазақстан биатлонының жетістіктері мен дамуына «Sport Qory» қолдау көрсетіп келеді.



