Симон Фуркадпен сұхбат
– Бұл сіздің Қазақстанға алғаш келуіңіз. Біздің ел туралы не айтасыз? Щучинскіде өтіп жатқан әлем чемпионаты туралы ойыңызбен бөліссеңіз?
– Бұл менің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарым. Сіздердің елдеріңіз биатлоннан жарыс өткізуге ыңғайлы. Тек желдің қатты болуы аздаған қиындық тудырады. Басқасы өте жоғары деңгейде. Сосын қазақ елінің қонақжайлығын ерекше айта аламын. Ұйымдастыру комитеті жақсы жмұыс атарқарған. Одан бөлек, спорттық нысандарға көңілім толды. Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Жақсы тәжірибе болды.
– Жарыс жолы, трасса жайлы не айтасыз?
– Өте қиын екен. Бірақ маған ұнады. Өйткені өзіңді толыққанды көрсетуге мүмкіндік бар. Тағы да қайталап айтамын, басты қиындық – жел. Мұндай табиғи жағдай көп жерде кездеседі. Сондықтан желді ең басты кртикалық мәселе деп санамаймын.
– Ауа-рай қалай? Жел соншалықты қатты кедергі келтірді ме?
– Иә, аздаған қиындық тудырды. Жалғыз маған емес, барлық команда мүшелеріне оңайға соқпады. Бірақ бәріміз бірдей жағдай бақ сынап жатырмыз. Сол себепті үздік атанамын дегенге кедергі жоқ деп санаймын. Қалай десек те, жолдардың жағдайы мен сапасы өте жақсы. Сосын бүгін күн ашық болды. Желдің де ұйытқуы азайды. Спортшыларға қолайлы болып тұр. Оның үстінде Қазақстанда қар жасанды емес, табиғи. Сонысы қуантады.
– Франция құрамасы спортшыларының әлем чемпионатында көрсеткен нәтижесі туралы не дейсіз?
– Біздің қыздар жақсы өнер көрсетті. Әсіресе, әлем чемпионатының алғашқы күндері аралас эстафетадағы нәтижелерімізге көңіліміз толады. Өкінішке қарай, ұлдарымыз әлсіздеу. Жекелей сындағы көрсеткіштері жоғары емес. Бір спортшымыз құлап, таяғы сынды. Оңай болған жоқ. Дегенмен, мұның бәрі француз спортшыларына тәжірибе.
– Бәлкім, болашақта оқу-жаттығу жиындарын Қазақстанда өткізерсіздер...
– Францияға оралған соң, осындай жиынды өткізетін керемет жер таптым деп айтамын. Өйткені бұл жерде барлық жағдай жасалған. Қазақстандағы биатлон трассасы керемет. Бірнеше спорттық нысандар салынған. Бұл туралы Франция биатлон федерациясымен сөйлесемін.
– Шучинск – биатлон спортының жаңа орталығы дей аламыз ба?
– Әрине, Шучинск жаңа орталыққа айналуға мүмкіндігі бар. Францияға локациялық тұрғыдан алыс. Бірақ көпшіліктің қызығушылығын оятатын, керемет нүктеге айналуы ықтимал.
– Ресей мен Беларусь спортшылары бұл жарысқа қатыстырылмады. Сіз былтыр ресейлік атлеттерге қолдау көрсеттіңіз. Әлі де сол ойыңыздан айныған жоқсыз ба?
– Айныған жоқпын. Әрине, Украинадағы соғысқа қарсымын. Соғыс тоқтауы тиіс. Бұл менің соғысқа қатысты ойым. Ал спорт саясаттан тысқары болуы керек. Сол себепті мұндай әлемдік додаларда үздіктердің бәрі қатысқанын қалаймын. Германия, Украина, Норвегия атлеттерін көргім келеді. Өкінішке қарай, бәрі бірдей жарыста бола алмай жүр. Оның себебін өздеріңіз де түсініп отсыздар.