Қазақстан биатлоны: 2025 жылдың қорытындысы және 2026 жылдың басты мақсаттары

Жыл басы біз үшін жоғары қарқынмен басталды. Дүниежүзілік қысқы Универсиадада Никита Акимов алтын тұғырдан көрінсе, Кирилл Бауэр мен Арина Крюкова қола жүлдені еншіледі. Харбиндегі қысқы Азия ойындарында қазақстандық мергендер нағыз сенсация жасады: спринтте Владислав Киреев алтын, ал Вадим Куралес күміс алып, қос жүлдемен ел мерейін үстем етті. Эстафеталық бәсекелерде ерлер құрамасы күміс, әйелдер қола жүлдеге ие болып, жалпыкомандалық есепте Қазақстан биатлоншылары бірінші орынды иеленді. Әлем Кубогінің Аустриядағы із қуу кезеңінде Владислав Киреевтің үздік жиырмалыққа (Top-20) енуі біздің ұлттық құрама үшін тарихи нәтиже болды.
Биыл балалар биатлоны жаңа деңгейге көтерілді. Grand Tour Biathlon жобасы жас таланттар үшін нағыз «әлеуметтік лифтке» айналды. Балкашинодағы кезеңге 200 бала қатысып, жаңа рекорд орнатылды. Елорданың Орталық саябағында өткен финалда арнайы пневматикалық ату алаңы салынып, 11 аймақтың спортшылары бақ сынады. Үздік атанған бес облысқа Федерация жалпықоры 10 миллион теңге құрайтын қаржылай сертификаттар табыстап, қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.
Біздің басты мақсатымыз - жас спортшыларға әлемдік деңгейде тәжірибе жинауға мүмкіндік беру. Жоба көшбасшылары екінші жыл қатарынан Норвегиядағы атақты Лиатоппен фестиваліне қатысып, Егор Немцев спринтте бірінші орын иеленді! Сондай-ақ, италиялық маман, Чехия командасының экс аға жаттықтырушысы Лука Бормолини Grand Tour Biathlon финалистері үшін Щучинск қаласында арнайы жаттығу лагерін өткізді, кейін бұл балалар Германиядағы IBU халықаралық лагеріне қатысты.
Жаттықтырушылардың білімі мен біліктілігін дамыту мақсатында шілде айында "KBU Coaching Course" жобасы іске қосылды. Оқу курсын өткізуге Норвегияның танымал мамандары Тронд Нистад пен Кнутт Бревик шақырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 28 жаттықтырушы бірнеше күн бойы әлемнің озық сарапшыларынан білім алды.Сонымен қатар, биыл APEMS спорт университетімен жасалған арадағы меморандум бұл процесті ғылыми негізде нығайтуға мүмкіндік берді.
Қазақстанда биатлон географиясы қарқынды түрде кеңейіп келеді. Биыл біз Көкшетау және жоғары нәтижелер көрсетіп үлгерген Қостанай қалаларында болдық. Оған қоса өңірлерде, оның ішінде Астана және Петропавл қалаларында, Ақмола облысының Балкашино елді мекенінде Федерация атынан пневматикалық ату алаңы (стрельбище) салынды. Дәл осындай ату алаңдары Қостанай мен Павлодарда салынуда. Сондай ақ, іріктеу жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында цифрландыру бағытында маңызды қадам жасалды. Енді жасөспірімдердің толық рейтингісі мен Grand Tour нәтижелерін Федерация сайтынан көре аласыздар.
Жанкүйерлер үшін де жағымды жаңалықтар аз емес: «Qaz Biathlon» YouTube-арнасында Grand Tour Biathlon жарыстарының тікелей трансляцияларын іске қостық. Сонымен қатар, арнайы Fan Shop ашылып, одан түскен барлық қаражат балалар секцияларын дамытуға жұмсалуда. Биыл тұңғыш рет 22 мамыр - Халықаралық биатлон күнін еліміздің 6 қаласында отбасылық эстафеталармен атап өттік.
Ұлттық құрама олимпиадалық маусымға барынша сақадай сай келе жатыр. Маусым басталмас бұрын Федерация ұлттық құрама спортшылары мен парабиатлоншыларды қажетті инвентарьмен толық көлемде қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, жаттықтырушылар штабы әлемдік деңгейдегі шетелдік мамандармен толықты. Ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне Сергей Алексеевич Соколовский шақырылды. Ол бұған дейін Беларусь және Литва құрамаларының аға және бас жаттықтырушысы қызметтерін атқарған, сондай-ақ Литва командасының көшбасшысы, Еуропа чемпионы және Әлем Кубогі кезеңдерінің жүлдегері Витаутас Строляны жаттықтырған. Жалпы алғанда, бұл маман орта деңгейдегі командаларды жоғары сатыға көтере алатын «жаттықтырушы-реформатор» ретінде танымал. Сондай-ақ, спортшылардың денсаулығы мен қалпына келуіне жауапты словениялық физиотерапевт Яни Кавчич пен спорттық массаж маманы Александр Комашко командаға қабылданды.
Федерация немістің лыжероллер шығаратын әйгілі SRB компаниясымен келісімшартқа отырды. Осының арқасында біз ұлттық және жастар құрамасын жоғары сапалы лыжероллерлермен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, ішкі республикалық жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін база құрдық. Ұлттық құрама спортшыларының Олимпиада ойындары мен Әлем Кубогі кезеңдерінде киетін экипировкасы швейцариялық KV+ брендінен арнайы тапсырыспен дайындалды. Форманың дизайнындағы ежелгі түркі руна жазуларымен жазылған «Бостандық» пен «Жеңіс» сөздері біздің олимпиадалық рухымыздың айғағы болмақ.
2026 жыл - аса маңызды стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру жылы болғалы тұр. Алда бізді төртжылдықтың басты оқиғасы - Миландағы қысқы Олимпиада ойындары күтіп тұр. Әлем Кубогінің алдағы бес кезеңінің қорытындысы бойынша біздің негізгі межеміз - «2+2» форматындағы квотаға қол жеткізу (ерлер мен әйелдер құрамасы үшін екі лицензиядан). Қазіргі таңда біздің қоржынымызда ерлер мен әйелдерде бір-бір лицензиядан бар. Квоталар туралы соңғы ақпаратты Халықаралық биатлоншылар одағы (IBU) 18 қаңтарда жариялайды. Әрине, әлемдік биатлонның алпауыттары Норвегия, Германия және Франция құрамаларымен бәсекелесу оңай шаруа емес. Дегенмен, біз негізгі үмітті ерлер құрамасының көшбасшыларына артамыз.
Олимпиададан кейін, наурыз айында бүкіл назар парабиатлоншыларымызға аударылады. Паралимпиада ойындарында Қазақстан туының тұғырдың ең биік сатысында желбіреуі үшін Федерация атлеттерді қажетті инвентарьмен және қолдаумен толық қамтамасыз етті.
2026 жылдың шілдесінде жас жаттықтырушыларды оқытуға арналған «KBU Coaching Course» жобасы жаңа деңгейге көтеріледі. Қазақстанға әлемдік биатлонның ең танымал есімдері - бүгінгі таңдағы үздік мамандар келеді. Олардың әдістемелері қазіргі әлемдік элитаны қалыптастырып отыр. Біз аймақтардағы әрбір баланың әлемдік деңгейдегі дайындықтан өтуі үшін жаттықтырушыларымыздың біліміне инвестицияны аямай саламыз.
Келер жылы Қазақстан тұңғыш рет IBU Youth Camp шарасын өткізеді. Бұл ауқымды оқиға 10 елден 100-ден астам жасөспірім мен параатлеттің басын қосады деп күтілуде. Олар халықаралық топ жаттықтырушылар мен IBU ресми делегациясының тікелей жетекшілігімен жаттығады.
2026 жылы еліміз Азия биатлон федерациясының Конгресіне қатысады. Бұл - спорт әлеміндегі маңызды оқиға, онда 2026/2027 маусымдарындағы Азия чемпионаттарының өтетін орны (Қазақстан, Жапония немесе Оңтүстік Корея) анықталады.
Балалар спортын дамыту - біздің жұмысымыздың басты бағыты болып қала береді. Grand Tour Biathlon жобасы қазірдің өзінде ұлттық брендке айналды және 2026 жылы ол өз деңгейін одан ары көтере түседі. GTB үшінші маусымының екінші кезеңін алғаш рет ақпан айында спортшылары жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген Қостанай қаласы қабылдайды.
Жоба көшбасшылары үшінші жыл қатарынан Норвегиядағы ең ірі «Лиатоппен» фестиваліне аттанады. Біздің балалар әлемдік биатлонның тынысын сезініп, жастайынан жеңіске жетуі тиіс! Сонымен қатар, өңірлерде пневматикалық ату алаңдарының құрылысы жалғасады, ал Grand Tour Biathlon рейтингтері Федерация сайтында жедел жаңартылып тұрады.
Біз әрбір жанкүйерімізге жыл бойы көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамыз. Ал, біз өз кезегімізде биатлонд қазақстандықтардың сүйікті спортына айналдыру жолында аянбай еңбек етуге дайынбыз.
Жаңа Жыл жеңістерге толы болсын!
Қазақстан биатлонының жетістіктері мен дамуына «Sport Qory» қолдау көрсетіп келеді.



