Никита Акимов ел қоржынын алтын жүлдемен толықтырды
Қазақстандық биатлоншы Никита Акимов Италияда өтіп жатқан Қысқы Универсиадада ел қоржынын алтын жүлдемен толықтырды, деп хабарлайды Федерацияның баспасөз қызметі
Ол спринт жарысында 10 км қашықтықты 23 минут 14 секундта бағындырып, 49 қатысушының арасынан мәреге бірінші жетті. Екі ату кезеңінде де мергендік танытып, барлық нысананы дәл жапты. Екінші болып мәреге швециялық Кнут Векстрем жетсе, қола жүлдеге украиналық Богдан Борковский қол жеткізді.
Бұл жүлде Никитаның спорттық карьерасындағы алғашқы жүлдесі және бұл оның ересектер құрамасындағы екінші жыл өнер көрсетуі екенін ескерсек, аса маңызды. Сонымен қатар, 7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтетін Қысқы Азия ойындарында бақ сынайтын спортшыларымыз үшін бұл алтын жүлде үлкен серпіліс.
Жаттықтырушылар құрамын, жанкүйерлерімізді және Никитаны маусымның алғашқы алтын жүлдесімен құттықтаймыз!