Мақсат Шаранов: «Жанкүйерлерімізді жүлдемен қуантамыз» – биатлоннан Ұлттық құраманың қысқы маусымға дайындығы

Өткен қысқы маусым биатлоншылар үшін сәтті өтті десек болады. Өйткені, ерлер құрамасы әлем чемпионатында алғаш рет үздік ондыққа кірді.Алдағы маусымда бізді жыл сайынғы Әлем кубогі кезеңдері мен Әлем чемпионатынан бөлек, қысқы Азия ойындары мен Универсиада күтуде.
Мақсат Шаранов: «Жанкүйерлерімізді жүлдемен қуантамыз» – биатлоннан Ұлттық құраманың қысқы маусымға дайындығы

Қазақстан Биатлоншылар Одағы Ұлттық құраманың бас бапкері Мақсат Шарановтан жаттықтырушылар құрамындағы өзгерістер, Азия ойындарына іріктеу және осы маусымда жүлдеге ілігу мүмкіндігі туралы сұрады.

-Мақсат, өткен қысқы маусымдағы ерлер және әйелдер құрамасының нәтижесіне қандай баға бересіз?

-Өткен қысқы маусым біз үшін сәтті өтті деуге негіз бар. Ұлттар Кубогында ерлер құрамасы үздік 15-ке кіріп, осы маусымға 4 квота, ал әйелдер құрамасы 3 квота жеңіп алды.Бұл нәтиже біздің спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыздың дұрыс бағытта екендігін көрсетеді.

-Осы маусымда командаға қандай міндеттер қойдыңыз?

-Бұл маусымда көптеген халықаралық жарыстарға қатысамыз. Әрқайсысы өте маңызды. Бірақ, бар күш-жүгерімізді Азия ойындарына саламыз. Осы маусымда жанкүйерлерімізді жүлдемен қуантамыз деп сеніммен айтуға болады. Сонымен қатар, осы маусымда қысқы Универсиада өтеді. Естеріңізде болса, өткен ойындарында Қазақстан командасы екі алтын, бір күміс және қола медаль иеленген, біз осы жетістікті қайталауға тырысамызОдан бөлек, бұл біз үшін Олимпиада алдындағы маусым, оның нәтижесі бойынша Олимпиадаға лицензия иеленеміз.

-Жазда команда Словения, Германия және Эстонияда жазғы оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Атап өтер қандай жұмыстар жасалды?

-Жазғы оқу-жаттығу жиындары жоспардағыдай өтті. Спортшыларымыздың физикалық және техникалық қабілеттерін арттыру үшін үлкен көлемде жұмыс атқарылды. Әсіресе Поклюка мен Оберховта биатлонның негізгі аспектілері саналатын төзімділік және ату техникасына басты назар қойдық.

-Жаттықтырушылар құрамында қандай өзгерістер бар және бұл команданың дайындығына қалай әсер етті?

-Иә, жаттықтырушылар штабында үлкен өзгерістер бар. Әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы болып Владимир Борисович Королькевич келді, ол бұрын Словения, Беларусь, Украина, Ресей командаларында еңбек еткен. Сонымен қатар, спортшылардың ату техникасын жақсарту үшін неміс жаттықтырушысы Геральд Хенингпен жұмыс жасадық. Ерлер құрамасын екі топқа бөліп жаттықтыруды қолға алдық. Әлем Кубогі кезеңдеріне қатысатын негізгі құрамды аға жаттықтырушы Александр Николаевич Мухин, ал IBU Кубогына қатысатын ерлерді Сергей Соколовский дайындайды. Ол бұрын Литва және Беларусь командаларының жаттықтырушысы болған. Бұл өзгерістер команданың дайындығын жақсартуға айтарлықтай үлесін тигізді.

-Ұлттық құраманың Азия ойындарында сәтті нәтиже көрсету мүмкіндігі туралы не айтасыз?

-Біз спортшыларымызға сенеміз және бар күш-жігерімізді Азия ойындарына деген дайындыққа жұмсаудамыз. Қазақстан биатлоннан Азия елдері арасында көшбасшы команда саналады. Осы атақты қайта растауға ниеттеміз.

-Спортшылардың қалпына келуі мен психологиялық дайындығын жақсарту үшін қандай шаралар қолданылады?

-Спортшылардың қайта қалпына келуі үшін Италиядағы оқу-жаттығу жиыны кезінде Спорт Министрілігі тарапынан құрылған Performance hub-пен жұмыс жасаймыз. Сонымен қатар, жаз бойы Федерация тарапынан ерлер және әйелдер құрамасын қайта қалпына келтіру үшін екі терапевт-мануалист жұмыс жасады. Финляндиядағы алдағы қысқы оқу-жаттығу жиыны кезінде спортшыларымызбен Ұлыбританияның спорт психологы жұмыс жасайды. Бұл маусым алдында психологиялық дайындықты қамтамасыз ету үшін өте маңызды.

-Азия ойындарына іріктеу қалай жүргізіледі?

-Азия ойындарына арнайы іріктеу жарыстары болмайды. Халықаралық жарыстардың алғашқы үш кезеңінің нәтижесімен Азия ойындарына қатысатын спортшылар анықталады. Бұл биатлоншыларымыздың дайындығы мен формасын әділетті бағалауға мүмкіндік береді деп есептейміз.

-Қазақстандағы биатлон мәдениеті мен жанкүйерлердің қолдауы туралы не айтасыз?

-Елімізде биатлонға қызығушылардың артып келе жатқаны қуантады. Оған өткен жылы алғаш рет Щучинскте биатлоннан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын өткізу өз әсерін тигізгені анық. Еуропадағы Әлем Кубогі кезеңдеріне көк туымызды ұстап, қолдау білдіруге келетін сүйікті жанкүйерлеріміз де бар. Бұл бізді жаңа жетістіктерге шабыттандыратыны сөзсіз. Қолдауларыңызға көп рақмет!

-Мақсат Жетпісбайұлы, сұқбатыңыз үшін көп рақмет. Азия ойындарының сәтті нәтижесінен кейін қайта жүздесеміз деген сенімдеміз. Ұлттық құрамаға алдағы қысқы маусым алдында сәттілік!


Кері байланыс

  • БЗО «Қазақстан Биатлонистер Одағы»
  • Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы Қабанбай батыр даңғылы 11/5 7 қабат, 707 кеңсе
  • Баспасөз қызметі: +7 771 688 2747
  • E-mail: kzbiathlonunion@gmail.com
© 2024 Барлық құқықтар қорғалған