Қазақстандық биатлоншылар жаңа маусымға кірісті:бапкерлер құрамындағы өзгерістер және алдағы жоспарлар

Қазақстан биатлон құрамасы жаңа 2025/2026 маусымына ресми түрде дайындықты бастап кетті. Қысқы жарыс маусымы аяқталғанына көп уақыт өте қоймаса да, спортшылар қысқа үзілістен соң жаттығу үдерісіне қайта оралды. Алғашқы оқу-жаттығу жиыны Словенияның әйгілі биатлон орталығы — Поклюкада өтуде. Бұл уақытта бапкерлер құрамында да бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды.
Қазақстандық биатлоншылар жаңа маусымға кірісті:бапкерлер құрамындағы өзгерістер және алдағы жоспарлар

Өткен маусым қазақстандық биатлоншылар үшін ауқымды жарыстар мен маңызды нәтижелерге толы болды. Құрама Әлем кубогі кезеңдерінде, Қысқы Дүниежүзілік Универсиадада, Азия ойындарында және Әлем чемпионатында ел намысын қорғады. Нәтижесінде, Қазақстан қоржынына жалпы саны 7 медаль түсті.

Қытайдың Харбин қаласында өткен Азия ойындарында Владислав Киреев спринт жарысында алтын медаль жеңіп алса, Вадим Куралес күміс жүлдегер атанды. Эстафета жарыстарында ерлер құрамасы күміс, ал әйелдер командасы қола медаль иеленді. Бұған қоса, Қысқы Универсиадада Никита Акимов алтын медаль еншілеп, Арина Крюкова мен Кирилл Бауэр қола медальмен марапатталды.

Алайда, жүлделі көрсеткіштерге қарамастан, маусым қорытындысы бойынша Қазақстан Ұлттар кубогінің рейтингінде бірнеше сатыға төмендеді. Бұл өз кезегінде 2026 жылғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін қажетті лицензиялық квоталарға әсер етуі мүмкін. Қазіргі таңда еліміз екі олимпиадалық жолдамаға ие, дегенмен қосымша лицензиялар жекелей рейтинг пен wild card арқылы алынуы ықтимал.

Бапкерлер құрамындағы өзгерістер

Жаңа маусым қарсаңында құраманың жаттықтырушылар штабында өзгерістер орын алды. Ұлттық құраманың бас бапкері қызметінде Мақсат Шаранов жұмысын жалғастырады. Ал ерлер командасының аға бапкері қызметіне Сергей Соколовский тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстанның резервтік құрамын жаттықтырған және Беларусь пен Литва ұлттық командаларында қызмет еткен.

Әйелдер құрамасының аға бапкері Владимир Королькевич өз орнында қалады. Тәжірибелі маман бұған дейін Словения, Беларусь, Украина және Ресей құрамаларымен жұмыс істеген. Айта кетейік, бұған дейін ерлер командасын басқарған Александр Николаевич Мухинмен маусым соңында Федерация шешімімен келісім тоқтатылған болатын.

Жазғы дайындық

Қазақстан құрамасының алғашқы жазғы жиыны 14 мамырда Словенияда басталды. Ал 7 маусымнан бастап дайындық еліміздің Щучинск қаласында жалғасады. Биылғы жазғы кезеңнің басым бөлігі Ұлттық Олимпиадалық Даярлау Орталығының базасында өтпек. Жаттығулардың бір бөлігі жаз соңында Францияның биік таулы Бессан қаласында ұйымдастырылады. 

Басты мақсат-Олимпиада

2025/2026 маусым ресми түрде 29 қарашада Швецияның Эстерсунд қаласындағы Әлем кубогінің алғашқы кезеңімен басталады. Ал негізгі старт — 2026 жылдың 8–22 ақпан аралығында Италияның Антхольц қаласында өтетін Қысқы Олимпиада ойындары болмақ.

Қазақстан ұлттық құрамасы алдағы маусымға тың серпінмен қадам басып, жекелей және командалық көрсеткіштерді жақсартуды көздеп отыр. Олимпиадаға дейінгі әрбір жарыс, әрбір ұпай — үлкен мақсат жолындағы маңызды қадам болмақ.