Елена Хрусталева: «Чемпиондарды жақсы көру оңай. Қазір туымызды қорғап жүргендерді қиындықта қалдырмауға тырысайық»

Миландағы Олимпиада ойындары қызу талқылануда және осы тұтса біздің құраманың өнеріне қатысты сұрақтар да көбейді. Осы жағдайды құр эмоцияға берілмей, байыппен талдау үшін Олимпиаданың күміс жүлдегері Елена Хрусталевамен сөйлескен едік.
Елена Хрусталева: «Чемпиондарды жақсы көру оңай. Қазір туымызды қорғап жүргендерді қиындықта қалдырмауға тырысайық»

— Елена, қазір ұлттық құрамаға сын айтпаған адам қалмады. Жанкүйерлер Миландағы нәтижелерге қарап, іштей ренжулі. Кезінде мұндай қысымды өзіңіз де көрдіңіз. Жауапты сәтте спортшы мұны қалай қабылдайды?

— Ванкувер Олимпиадасын еске алсам, сол күміске жеткенше менің де көш соңында, үшінші-төртінші ондықта жүрген жылдарым аз болған жоқ. Ол кезде де жұрт «Мынаны несіне сүйреп жүр?» деп артымыздан сөз қылды. Көрермен трансляцияның 30 минутындағы сәтсіздікті ғана көреді, бірақ сол нәтиже үшін спортшының 4 жыл бойы үй бетін көрмей, тау-тасты кезіп, қалай тер төккенін білмейді. Жанкүйерлерге айтарым: спортшының жолы болмай, қиналып тұрғанда сырт айналмаңыздаршы. Тұғырдың төріне бәрі сыймайды, ал жеңіске барар жол тек осындай ащы жеңілістерден тұрады.

— Қазіргі халықтың ашуын туғызып отырған басты мәселе — қысқы спортқа бөлінген 13 миллиард теңге. Көбісі: «Мұндай ақшаға олар мәреге ұшып келуі керек еді» дейді. Шын мәнінде бұл қаражат қайда кетіп жатыр?

 Жұрт «миллиардтарды» естігенде, спортшылар ақшаны қаппен тасып жүр деп ойлайды. Бірақ биатлондағы жалғыз кәсіби мылтықтың құны су жаңа шетелдік көлікпен бірдей. Бұған патрондарды, шаңғыларды, таяқтар мен басқа да жабдықтарды қосыңыз. Оның үстіне, 13 миллиард — елдегі бүкіл қысқы спорт түрлеріне ортақ сома. Мұның ішінде тек ұшақ билеті емес, майлаушылар (сервис-бригада) бригадасының еңбегі, шетелдегі оқу жаттығу жиындары, ғылыми-медициналық бақылау бар. Дүниежүзілік биатлонда біз әлі Норвегия немесе Германия сияқты алпауыт мемлекеттермен иық тіресе алмайтын «стартап» деңгейіндеміз. Олардың бюджеті бізден ондаған есе көп.

— Жұрт бізді әлемдік рейтингтің ең түбінде жүр деп есептейді. Статистика не дейді?

— Тек фактілерге сүйенейік. Осы маусымда әлемнің 61 елінен спортшылар қатысты. Бұл — сұрапыл бәсеке. Соның ішінен Олимпиада жолдамасына тек 25 елдің 90 спортшысы ғана іліге алады. Біз ерлер мен әйелдер арасында «2+2» квотасын жеңіп алдық. Бұл дегеніңіз — біздің Олимпиадада толыққанды командамыз бар деген сөз. Азия картасына қараңызшы: Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты алпауыттардың мүмкіндігі шексіз. Бірақ солардың ешқайсысы біз сияқты жолдама ала алған жоқ. Миланда аралас эстафетаға команда шығара алған жалғыз Азия елі — біз.

— Жанкүйерлер әсіресе қыздарымыздың өнеріне шүйлігіп жатыр. «Бұрынғылар мықты еді» дегенді жиі естиміз.

— Қазір әйелдер құрамасында буын алмасу кезеңі жүріп жатыр, бұл — заңдылық. Осыған дейін команданы алға сүйреп келген көшбасшыларымыз отбасын құрып, балалы болды. Бұл — өмір. Ал олардың орнына келген жас қыздар үшін Милан — өмірлеріндегі алғашқы Олимпиада. Көз алдыңызға елестетіңізші: бүкіл әлемнің камерасы саған қарап тұр, ал өз еліңдегілер «спортты қой, құры» деп жазып жатса, 20 жасар қыздың психологиясы қалай шыдайды? Оларға қазір сын емес, жылы сөз бен қолдау керек. Олар — біздің болашағымыз. Егер қазір оларды аяусыз таптап тастасақ, 4 жылдан кейін елімізде әйелдер биатлоны мүлдем құрдымға кетеді.

— Желіде байбалам салып, ашулы пікір жазып жатқандарға не айтар едіңіз?

— Егер мен кезінде Ванкуверде жүргенімде «халықтың ақшасын жеп жүрсің» деген сөздерге құлақ асқанымда, Олимпиаданың күмісін ешқашан алмас едім. Елден келген әрбір негатив — нысанадан бір оғың мүлт кетуімен тең. Қазіргі ақпараттық қысым мен токсикалық орта спортшыны өшіріп тастайды. Бізде мәселенің мән-жайына үңілмей, эмоциямен сынай салу журналистердің де әдетіне айналды. Бірақ ащы да болса шындық: егер бюджетті қиып тастасақ, нәтиже жақсармайды, спорт мүлдем жойылады. Біз қателіктерді көріп отырмыз, әр жарысты талдаудамыз. Алда әлі спринт пен ізге түсу жарыстары бар. Балаларға мүмкіндік берейік. Олимпиада әлі біткен жоқ.