Биатлоннан Қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық командасының тізімі белгілі болды

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша ұлттық құрама 4 квотаға (2 ер, 2 әйел) ие болған еді. Жаттықтырушылар кеңесінің шешімімен төртжылдықтың басты додасына төмендегі спортшылар қатысады:
Ерлер құрамасы:
Владислав Киреев - қысқы Азия ойындарының чемпионы. Бұл Киреевтің мансабындағы екінші Олимпиада болмақ.
Асет Дюсенов - қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері.
Әйелдер құрамасы:
Милана Генева және Айша Ракишева.
Биылғы Олимпиадаға аттанатын биатлоншылардың орташа жасы 24–25 жасты құрайды. Бұл - биатлон тарихындағы ең жас құрамдардың бірі. Соған қарамастан, ұлттық команданың потенциалы жоғары: спортшылардың қоржынында түрлі қашықтықтар бойынша жалпы саны 17 лицензия бар.
Қазіргі таңда команда Чехиядағы Әлем кубогының кезекті кезеңіне қатысып жатыр. Әлем кубогы аяқталған соң, құрама тікелей Италияға жол тартады. Еске сала кетейік, Миландағы биатлон жарыстары 8 ақпан күні басталады.



