Жоба туралы

Grand Tour Biathlon - Қазақстан биатлоншылар одағының балалар спортын дамытуға және биатлонды жастар арасында танымал етуге бағытталған ауқымды жобасы. Бұл жай ғана жарыс емес, бұл - болашақ Олимпиада чемпиондарының алғашқы белесі.

Турнир еліміздің түрлі өңірлерін қамтитын 5 кезеңнен тұрады: 3 қысқы және 2 жазғы кезең. Ал маусымның салтанатты шешуші финалы дәстүрлі түрде елордамыз Астана қаласында өтеді.  

Біз жарысты IBU Әлем Кубогының стандарттарына сай өткіземіз. Жалпы рейтинг көшбасшылары сары жейде киіп, хрусталь глобустарын иеленсе, спринт пен жекелей жарыс жеңімпаздары келесі кезеңге қызыл жейдемен шығады.Әр кезеңнің жеңімпаздары біздің швейцариялық серіктесіміз KV+ компаниясынан арнайы сыйлықтар алады.

Өңірлер мен жаттықтырушыларды ынталандыру мақсатында біз тек спортшыларды ғана емес, облыстарды да қолдаймыз.

Финал қорытындысы бойынша Үздік 5 команда өз өңірлеріне спорттық жабдықтар сатып алу үшін жалпықоры 10 млн теңге құрайтын ақшалай сертификаттарға ие болады. Маусымның «Үздік балалар жаттықтырушысы» анықталып, оған 500 000 теңге көлемінде сыйақы беріледі.

Үш жыл қатарынан Grand Tour Biathlon жеңімпаздары биатлонның отаны - Норвегияға, әлемдегі ең ірі балалар фестивалі Liatoppen-ге аттанады. Бұл жас биатлоншылар үшін халықаралық деңгейде бақ сынап, шетелдік достар табуға берілген бірегей мүмкіндік.

Жанкүйерлер мен жас таланттар үшін:

-Барлық жарыстарды "Qaz Biathlon" YouTube-арнасынан онлайн тамашалай аласыздар.

-Жанкүйерлер үшін лазерлік мылтықтан ату сайыстары мен Федерациядан арнайы сыйлықтар қарастырылған.

-Осыдан екі жыл бұрын Астана қаласының Орталық саябағында биатлон бөлімі ашылды. Ол үшін елордамызға арнайы Ұлттық құраманың бұрынғы спортшылары шақырылды,  бұл секцияда бүгінде 90-нан астам бала тегін жаттығуда.

Өткен маусымда біз 200 қатысушымен рекорд орнаттық. 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 500-ге жеткізуді көздеп отырмыз.

Біздің миссиямыз - ұлттық құраманың мықты резервін жасақтау. Біз жас спортшыларға үздік жаттығу базасы мен халықаралық тәжірибе ұсына отырып, олардың бойында чемпиондық рухты тәрбиелейміз. Біздің мақсатымыз - 2030 және 2034 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын желбірететін чемпиондарды дайындау!