Спортшыларды қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына шығарып салу рәсімі өтті
Салтанатты іс-шараға ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері, федерация басшылары мен мемлекеттік жаттықтырушылар қатысты.
Биатлон спортынан байрақты бәсекеде ел намысын 6 спортшымыз қорғайды. Олар Алема Карабаева, Эвелина Мезенцева, Мария Воробьева, Ильяс Хасенов, Антон Редькин және Кирилл Зотов.
«Қазақстан спортшылары Тәуелсіздік жылдарында барлық Жасөспірмдер Олимпиадасында 29 медал жеңіп алды, оның 5-і қысқы Ойындарға тиесілі. Елімізде қысқы спорт түрлерінде жеңіспен өрілген жақсы дәстүр бар. Бүгінде тек елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танымал даңқты спортшыларымыз халықаралық қысқы жарыстарда өнер көрсетіп, үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрді. Олардың қатарында шаңғышы Владимир Смирнов, конькимен жүгіруші Людмила Прокашева, биатлоншы Елена Хрусталева, мәнерлеп сырғанаушылар Денис Тен және Елизавета Тұрсынбаева бар. Сіздер бұл Ойындарға қатыса отырып, зор тәжірибе жинайсыздар. Осы құнды тәжірибе болашақта пайдалы болатыны сөзсіз»- деді министр.
Биатлоннан бұған дейінгі жасөспірімдер Олимпиадасындағы көрсеткіштерімізді еске алатын болсақ, 2012 жылы Инсбрукте Галина Вишневская 6 км спринт сайысында күміс жүлде және із кесу бағдарламасында 7,5 км қашықтықта қола жүлде иеленген болатын. Одан бөлек, 2016 жылы Норвегияда Арина Пантова спринтте үздіктер қатарына ілігіп, ел қоржынын қола медальмен толтырды.
Биылғы Канвон-2024 ойындарына 14 пен 17 жас аралығындағы әлемнің 70 елінен 1800 спортшы қатысады деп жоспарлануда.